Қор нарығы – өзінің алуан түрлі болуымен таңғалдыратын әрі әр қадамыңды мұқият басуды талап ететін нәзік сала. Біреу ұзақ мерзімді перспективада инвестиция жасаса, енді бір қатысушылар қысқа мерзімге қаражат салуды құп көреді. қалай болғанда да бұл нарықта нақты стратегиясыз әрекет ету мүмкін емес. Бәлкім, мүмкін де шығар, бірақ мақсатсыз инвестиция жасау сөзсіз тоқырауға ұшыратады.
Инвестициялық стратегия деген не және ол неліктен маңызды?
Инвестициялық стратегия – инвестордың құнды қағазды сатып алуына, сатуына қатысты нақтылы жоспары. Сол жоспардың аясында инвестор өзінің мақсатын, инвестициялаудың аралық мерзімін, қолданатын құралдары мен қаржы салу ережесін анықтайды.
Бұл не үшін керек? Нақты стратегияның арқасында:
- Инвестор өзінің нақты қандай құнды қағаздармен айналысатынын таңдайды.
- Активтер бағасының өсуі және құлдырауы кезіндегі әрекетін анықтайды.
- Портфелін әртараптандырады.
- Ықтимал табыс пен шығынды болжайды.
- Портфелді рационалды басқарады.
- Қойылған мақсатқа қол жеткізеді.
Осының бәрі мұқият әрі дұрыс атқарылған жағдайда үлкен көлемде салынған қаражаттан айырылып қалу тәуекелі айтарлықтай төмендейді және портфелді басқару сенімді бола түседі.
Инвестициялық стратегияны негізінен ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді деп үшке бөлуге болады. Мерзімі нақты белгісіз, негізінен 3 жылдан асатын уақытқа созылатын инвестициялауды ұзақ мерзімді деп айта аламыз. Инвестор құнды қағазды мейлінше ұзақ сақтаған сайын мәмілелерді соншалықты аз жасайды.
Орта мерзімді стратегия 1-3 жыл аралығын қамтиды. Мұның аясында бағасы құбылып тұратын, бірақ үш жыл мерзімде табыс әкелетін құралдарды таңдауға болады.
Ал қысқа мерзімді стратегия – 1 жылға дейінгі әрекет жиынтығы. Бұл стратегия аясындағы кірістілік котировканың уақытша құбылуына тәуелді.
Сонымен қатар; агрессивті, пассивті және қалыпты стратегиялар да болады
1. Агрессивті инвестициялық стратегия
Инвестор кірістілігі мен тәуекелі жоғары құнды қағаздарға инвестиция жасайды.
Агрессивті инвестицияны әдетте жоғары тәуекелге қарамастан барынша көбірек пайда тапқысы келетін инвесторлар ұстанады. Мұндай портфельдің қағаздары барынша табысы жоғары, бірақ шығынға ұшырау ықтималдығы да жоғары болады. Нарықта өзін өзі дәлелдеп үлгермеген стартаптар, нарыққа жаңалдан кірген салалардың компаниялары, мысалы, IT саласындағы компаниялар немесе өз бизнесінде жаңа технологияларды пайдаланып, нарықта қалыптасқан әдеттен өзгешелеу компаниялар егер сәтті жұмыс істеп кетсе, акциясы бірден өсуі мүмкін. Алайда, стартап банкрот болып, бизнестің бұл жаңа саласы нарықта сұранысқа ие болмай немесе компанияның пайдаланатын жаңа технологиясы тиімсіз болса, акция құны да күрт арзандамақ. Яғни бұл үлкен тәуекел мен үлкен табыстың біреуі келуі мүмкін стратегия.
2. Пассивті инвестициялық стратегия
Инвестор өтімділігі жоғары құнды қағаздарды таңдайды. Одан бөлек, пассивті инвестицияда инвестор тәуекелді барынша азайтып, нарықта тұрақты орнын алып, тұрақты пайда тауып отырған компанияның акциясына салады.
Мысал: Бұл жерде Уоррен Баффет мысалын алға тарта аламыз. 2022 жылы Coca-Cola компаниясы акция басына төрт тоқсанда жалпы 1,76 доллар дивиденд төледі. Компанияның акционерлерінің бірі Уоррен Баффетке тиесілі Berkshire компаниясының иелігінде Coca-Cola-ның 400 млн акциясы бар еді. Осылайша, инвестор 2022 жылы компаниядан 704 млн доллар дивиденд алуына мүмкіндік берді.
Бұл мысалда инвестор жаңадан ашылып жатқан, алдағы уақытта күрт қымбаттап кетуі мүмкін стартапқа емес, әлдеқашан нарыққа орныққан компанияға қаржы салды. Компания акциясы 2022 жылы айтарлықтай өскен жоқ, нақтырақ айтқанда, 2022 жылдың 7 қаңтарында 60,33 доллар болса, 2022 жылдың 30 желтоқсанында бар болғаны 63,61 доллар ғана еді. Алайда, акцияның өзі үлкен табыс әкелмегенімен, оның дивиденді инвесторға мол кіріс кіргізді.
3. Қалыпты инвестициялық стратегия
Бұл – агрессивті және пассивті стратегияны біріктірген құрама стратегия. Ол бойынша салымды әртараптандыруға ерекше көңіл бөледі. Инвестор инвестициялық портфелін орнықты ете алатын құнды қағаздар сатып алынады.
Бұл инвестицияны ұстану оңай емес. Өйткені сіз мұнда агрессивті де, пассивті де стратегияны араластырып отыруыңыз керек. Портфеліңіздің бір бөлігінде стартаптар мен жаңа технологиядағы компаниялардың қағаздары болса, енді бір бөлігі тұрақты жұмыс істеп жатқан компаниялардың қағаздары болғаны жөн.
Мысал: Әйгілі инвестор Бенджамин Грэмнің осы стратегияны сәтті меңгерген инвесторлардың бірі. Ол аса түсініксіз саладағы, соншалықты бағалана қоймайтын акцияларға құмар болған. Бірақ сол акцияларды өзінің басқа да белгілі компаниялардың қағаздарымен араластырып, тәуекел мен табыстылықты қатар ұстай білген. Нәтижесінде бұл стратегия көпке тарай бастады.
Инвестициялық стратегиямен жұмыс істеу үшін өзіңнің мақсат-міндетіңді білген дұрыс:
Инвестициялау мақсаты. Жасалатын бүкіл қадам таңдап алынған мақсатқа тікелей байланысты. Бұл мүмкін – зейнетке дейін ақша жинау, банк депозитіне балама қалыптастыру, белсенді алып-сатарлық әрекет немесе тәжірибе жинау.
Инвестициялау уақыты. Құралдар мен психологиялық тыныштықты таңдау үшін уақыт кезеңін белгілеу маңызды: осылайша нарықтағы ауытқулар күшті эмоцияларды тудырмайды.
Нарықты зерттеуге уақыт керек. Инвестор нарықтағы ахуалды бақылап, қадағалап отыруға, компаниялардың есептілігін зерттеп, зерделеуге дайын ба?
Тәуекел деңгейі. Инвестор қанша жоғалтуға дайын және қандай жағдайда ол жаңа транзакциялардан бас тартады. Қай тәуекел ыңғайлы, қайсысы ішкі толқыныс тудырады.
Инвестициялық портфель және оны қалыптастырудың негізгі ұстанымдары
Жинақталған тәжірибе мен білімнің басын құрай келе, инвестициялық портфелді қалыптастырудың негізгі принциптері пайда болады. Олар мыналар:
Ұдайы табыстылық принципі
Инвестордың басты мақсаты – таңдалған мерзім аралығында белгілі бір табысқа қол жеткізу. Инвестициялардың табыстылық дәрежесі көбінесе қандай нақты қаржылық мақсаттың таңдалғанына және оған жетудің қандай уақыт кезеңінде жоспарланғанына байланысты.
Мысалы, зейнетақы қорының мақсаты – өз клиенттеріне зейнетақы түсімдерін беріп отыра алу үшін табыстылық деңгейін жеткілікті деңгейде ұстап отыру. Тиісінше, мұндай портфельдің кіріс деңгейі көрсетілген уақытқа жеткілікті капиталдандыруды толығымен қамтамасыз етуі керек. Бұл үшін, әрине, тұрақты пайызы бар тәуекелі төмен және сенімді қаржылық активтер таңдалады – мысалы, мемлекеттік органдардың облигациясы.
Портфелді әртараптандыру
Нарықта пайдаланылатын стратегияның барлығы өзінше тиімді және сұранысқа ие. Ең бастысы, қандай стратегияны таңдасаңыз да инвестициялаудың негізгі қағидаларының бірі – портфельді әртараптандыруды ұмытпаңыз. Әр түрлі компания, әр түрлі сала, әр түрлі географиялық аймаққа инвестициялауды қажет ететін әртараптандыру тәсілдері туралы бұған дейінгі материалымыздан оқи аласыздар.