Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижелерін жариялады.
Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ ұлттық валюта бағамының мәні – сауалнаманың негізгі параметрлері болды.
Биыл қараша айында 2025 және 2026 жылдарға арналған мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары жаңартылған. Медианалық күтулерге сәйкес 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы барр. үшін 76,5 АҚШ доллар деңгейінде қалыптасады (бұған дейін – 75,0 АҚШ доллар). 2026 жылға болжам баррель үшін 74,0 АҚШ долларға дейін төмендетілген. 2024 жылға күтулер 80,4 АҚШ доллар деңгейінде қалыптасты.
Қазақстан экономикасының 2024 жылға болжамдары — 4%-дан 4,2%-ға дейін өсу жағына қайта қаралған. Респонденттердің 2025 жылға арналған күтулері 5%-дан 4,7%-ға дейін төмендетілді. 2026 жылға экономиканың өсуі бойынша болжам 4,5% деңгейінде сақталған.
Сарапшылар 2025 жылға инфляция болжамдарын 6,7%-дан 6,9%-ға дейін нашарлатты. 2024 және 2026 жылдарға арналған болжамдар тиісінше 8,4% және 6,0% деңгейінде қалып отыр.
2025 жылға арналған базалық мөлшерлеменің болжамдары талдаушылардың инфляциялық күтулеріне сәйкес, 12,0%-дан 12,5%-ға дейін өзгеріп отыр. 2026 жылға арналған бағалаулар 10,1%-дан 10,3%-ға дейін түзетіліп, 2024 жылға болжамдардың медианалық мәндері 14,6% деңгейінде сақталды.
Пікіртерімге Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 13 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ рейтингтік агенттіктер кіреді.
Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банк болжамдары енгізілмейтінін атап өтеміз. Онда нарықтың кәсіби қатысушыларының қазақстандық және әлемдік нарықтардағы ахуалдың даму барысына қатысты тәуелсіз пікірлеріне, бағалауларына және күтулеріне шолу жасалған.