Инвестиция дейтін табысқа кепілдік берілмейтін салада еңбек ету әсте оңайға түспейді. Бір акцияны сатып алу үшін қаншама ресурсты ізденіп, білім арттыру керек. Инвестор атану үшін қаржылық білімді болу жеткіліксіз. Сонымен қатар саяси-әлеуметтік ахуалдан да әркез хабардар болып отыру шарт. Өйткені әлемдегі түрлі саяси, геосаяси оқиғалар биржаға әсерін тигізеді. Бұл өз кезегінде қымбат акцияның әп-сәтте құлдырап кетуіне, ал арзан өнімдердің лезде қымбатқа сатыла бастауына әкеліп соғады. Мақала барысында бастауыш инвесторлар жіберетін ең негізгі қателіктерді зерделейміз. 

1. Нақты стратегиясы болмайды

Инвестициялаудан жақсы табыс табу үшін міндетті түрде нақты стратегия қажет. Стратегия қалай қабылданады? Ол үшін алдымен нарықты жан-жақты зерттеп, осы тарапта іздену, білім жинау қажет болады. Өзіңіздің қандай инвестор екеніңізді де анықтап алыңыз. Біреу қысқа мерзімді табысқа ұмтылса, енді бірі ұзақ мерзімді перспективада жұмыс істегенді қолай көреді. Осының бәрі алдын ала зерделенуі, зерттелуі шарт. Жоспармен әрекет ету – сіздің табысыңыздың жартылай кепілі.

Стратегия – қандай акцияларды алатыныңызды, қашан алатыныңызды, қанша алатыныңызды, қашанға дейін ұстап сатып жіберетініңізді немесе тұрақты иелік ететініңізді жоспарлау. Және, ең бастысы, не үшін нақты сол қағаздарды алатыныңызды түсіну.

Егер сізде ақша бар, бірақ нақтылы мақсат жоқ болса, онда инвестициялауға кірісудің де қажеті шамалы. Өйткені мақсатсыз ұмтылыс жеңіліске ұшыратады. Көп инвестор нақты жоспарсыз қимылдаймын деп, инвестиция әлемінен беті қайтып қалып жатады.

Мысал: Мем акциялармен (meme stocks) сауда – бұл фундаменталды талдау немесе ұзақмерзімді стртаегиямен емес, әлеуметтік желідегі ажиотаж бен вирустық үрдістерге негізделген акцияларға инвестиция салу практикасы. Бұл тәсіл ең спекулятивті және компанияның базалық құны мен сауда стратегиясын қарастырудың орнына инвесторды қысқамерзімді баға ауытқулары негізінде тез пайда табуға итермелейді. Morgan Stanley және Goldman Sachs мәліметтерінше, мем акция трейдерлері пандемия басталған кезде барлық табысынан айырылған. Өйткені мұндай қағаздар құны орташа есеппен 80%-дан артық құлдыраған. 

2. Нарықты зерттемейді (Инвестиция саласынан және қор нарығынан хабарсыз күйінде акцияларға ақша салады)

Қор нарығы – ауқымды нарық. Оның ұңғыл-шұңғылын байыптамай тұрып саудаласуға кірісу кезінде кездейсоқ табысқа қол жеткізу – аса сирек болатын құбылыс. Ал кездейсоқ табысқа үміт арту дегеніңіз – қорқынышты тәуекел. Көзсіз ақша салып жолыңыз болып кетеді деп үміттену жөн емес. Көбі анализ жасамастан, ә дегенде тәуекелі жоғары активтерге, акцияларға ақша құйып жіберіп жатады. 

Нарықты зерттеуді ең алдымен өзіңіз сатып алғыңыз келетін компаниялардың қаржылық көрсеткіштерін қарау. Сіз алғалы жатқан компания қаржылық қиындықтарды бастан кешіріп жатыр ма, әлде керісінше, дамып келе жатыр ма? Егер дағдарыстан шығатын әлеуеті болса, қанша уақытта акциялары өсе бастауы мүмкін. Акцияның өсуіне немесе құлауына алдағы уақытта қандай факторлар әсер етуі ықтимал деген сұрақтарға жауап берген жөн. 

Сонымен қатар, жекелеген компаниялардан бөлек ол компаниялар жұмыс істейтін салалардағы жаңалықтарды да аңдып отыру керек. 

Мысал: 2001 жылғы Enron компаниясының құлауы. Компания қаржылық тұрақсыздық белгілерін көрсеткеніне қарамастан көптеген инвесторлар Enron акцияларын алды. Инвесторлар компанияның қаржылық есебімен таныспады, БАҚ-тағы компанияға қатысты сын мақалаларды оқымады және сарапшылардың ескертулеріне құлақ аспады. Ақырында $90 болған акцияның бағасы бір жылдың ішінде $1 төмендеді. Компания банкроттыққа ұшырады.

3. Эмоцияға беріледі

Қор нарығы бір мезеттік эмоциямен әрекет етуді көтермейді. Бұл жердегі басты қажетті мінез – сабырлылық, байыптылық. Ірі инвесторлар түрлі елдерде ауқымды жобаларға қаржы салып жатады емес пе? Соның орта жолдан үзіліп, жүзеге аспай қалып жатқаны қаншама. Сондай кезде олар дүниеден баз кешіп кетпейді ғой. Ондай тәуекелге олар әу бастан дайын болады. Ал ондай дайындық инвесторлық мансаптың әдепкі кезеңдерінде қалыптасады. Сондықтан кішкене баға көтерілгеніне қарап, пайда табам деген оймен акциясын жанталасып сатып жіберу немесе ертең-ақ жедел кіріске қол жеткіземін деп акцияларды молынан сатып алу – кәсіби біліксіз адамның қолтаңбасы болып есептеледі. 

Инвесторлардың жетістік жолын қарасаңыз, мейлінше шыдамды болғандардың үлкен табысқа жеткендерін байқар едік. Мәселен, 2012 жылы мамырда Facebook 38 доллармен IPO-ға шықты. Алайда, тамызға қарай акция бағасы 20 доллардан төмен түсіп кетті. Өйткені нарықта мобильді жарнама монетизация жасай алмайды деген қауіп болған. Осы кезде эмоцияға беріліп сатып жіберген инвесторлар болса, қазір өкінетіні анық. Себебі, қазіргі таңда, 2023 жылдың наурыз айы соңында әлеуметтік желінің бір акциясы 208 доллардың айналасында саудаланып жатыр.  

Мысал: 2020 жылдың наурыз айы инвесторлардың эмоциялық реакциясы қалай үлкен шығынға әкеліп соғатынын көрсеткен уақыт болды. COVID-19 пандемиясының салдарынан көптеген инвесторлар паникаға ұрынып, нарық ары қарай әлі де құлдырай береді деген қауіппен акцияларын жаппай сата бастады. Алайда бірнеше айдан кейін нарық қалпына келе бастағанда осы инвесторлар акцияларын бекер сатқанын және инвестицияларының бір бөлігін жоғалтқанын түсінді. 

4. Инвестиция портфелін әртараптандырмайды

Қор нарығында көптеген компания, мыңдаған, миллиондаған акциялар мен облигациялар сатылымға шығарылады. Осы ретте әр елдегі компанияларды, әртүрлі акцияларды, әрқилы деңгейдегі құнды қағаздарды таңдау қажет. 

Қаражатты тек бір елде ғана ұстау – үлкен тәуекел. Сол елде алда-жалда дағдарыс орнаса онда акциялар құны құлдырайды, тиісінше сіз шығынға батасыз. Сонымен қатар бір саладағы компанияларды таңдай беру де – қате қадам. Яғни, ExxonMobil мен Chevron акцияларын сатып алып, портфелді әртараптандырдым деуге болмайды. Өйткені екеуі де мұнай саласында жұмыс істейтін компаниялар. Ал егер ExxonMobil, Luthgansa және Apple акцияларын сатып алған болсаңыз, бұл әртараптандыруға жатады. Өйткені, егер мұнай арзандап кетсе, сіздің портфеліңіздегі тек осы саладағы компанияның ғана акциясы арзандайды. Басқа акцияларыңызға дәл мұнайдың арзандауынан қауіп жоқ. Тіпті мұнай арзандаған кезде Luthgansa акциясы қымбаттайды. Неге десеңіз, әуе компаниясының басты шығыны әуе отыны болғандықтан, оның осыған жұмсайтын шығыны да тиісінше азаяды. Яғни, әртараптандыру инвесторларды үлкен шығындардан сақтайды. 

Мысал: Ең белгілі мысалдардың бірі 2008 жылғы Lehman Brothers-дің банкроттығы. Көптеген инвесторлар өз портфельдерін әртараптандырмай, ақшаларын бір ғана Lehman Brothers акциялары мен облигацияларына салды. Компания банкрот болған кезде олардың көпшілігі салған ақшаларының айтарлықтай бөлігінен айырылып қалды. 

5. Қымбат акциядан қашады

Жоғарыда айтқанымыздай қымбат акциядан қашудың жөні жоқ. Ол әлде де қымбаттауы мүмкін болғандықтан қымбат болып тұр. Яғни, қымбат акцияның әлі де қымбат бола түсу перспективасы жоғары. Ал жас инвесторлар қымбат акцияны сатып алып, ертеңгі күні ол арзандап кетіп, шығынға батамыз деп қауіп қылады. Шын мәнінде олай емес. Иә, қымбат акцияның да құлдырайтын кезі болады. Бірақ жиі емес. Соны ескеру керек. 

Мысал: Әйгілі инвестор Уоррен Баффет 2016 жылға дейін технологиялық компанияларға инвестиция салмаған. Мұнысын ол технологиялық саладан хабарының жоқтығымен түсіндірген. Бірақ 2016 жылы оның Berkshire Hathaway дейтін қоры бәрін таңғалдырып, 1 млрд долларға Apple акциясын сатып алады және біртіндеп компаниядағы үлесін арттыра береді. 2022 жылғы дерек бойынша, Berkshire Hathaway портфеліндегі Apple акциясының үлесі 43% құрайды. Айтпақшы, 2016 жылдан бастап Apple акциялары  шамасы 600 % өскен. Сонда Уоррен Баффеттің қанша пайда тапқанын өзіңіз бағамдай беріңіз. Яғни, мұнда инвестор арзан акция алып, тәуекелге барып, қағаздың қымбаттауынан пайда тауып отырған жоқ, керісінше, бағасы қымбат, бірақ тұрақты акцияны алып, соның дивидендін көріп отыр. 

6. Нарық айналасындағы алып-қашпа әңгімелерге ереді 

Қазір не көп, сарапшы көп. Олар қор нарығы туралы әр алуан болжамдар мен сараптаулар жасап жатады. Кез келген экономист немесе қаржыгер – қор нарығының білікті сарапшысы емес. Өзі инвестор болған, биржаның қыр-сырына қаныққан адамның ғана кеңесіне құлақ түрген абзал болады. Көп адам тез ақша тапқысы келеді. Сондықтан біліктілігі төмен адамның сендіре айтқан кеңесін қабылдап, соның нұсқауымен, шала-шарпы біліммен ақшасын салып кеп жібереді. Ал ертесіне санын соғып отырады. Оның орнына, инвестициядан табыс табам деген адам жоғарыда айтылғандай, нарықты зерттеп, қаржылық, инвестициялық сауатын арттырып, нарықтағы білікті мамандардың пікірлерін тыңдап немесе оқып, тұрақты түрде білімін жетілдіріп отырғаны абзал. 

Мысал: Theranos компаниясының акциясы өседі деген қауесетке сенген инвесторлар осы компанияның қағаздарын сатып алып, инвестициясын айырылып қалды. Сөйтсе, компания инвесторлар мен клиенттеріне жалған ақпарат беріп алдаған екен.