Сенат 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қайта пысықтау үшін Мәжіліске қайтарды. Парламенттің жоғарғы палатасының мүшелері құжатты сынға алды. Талқылау барысында сенаторлар оның бірқатар нормаларын қайта қарау қажеттігін айтты.

Сенатор Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, депутаттар салыстырмалы кестеде жинақталған өзгертулер бойынша 136 ұсыныс дайындаған.

Негізгі мәселелердің бірі 2025 жылға арналған жалпы ішкі өнімнің өсу болжамын асыра бағалау – 5,6% болды.

«Бұл болжам күмәнді және көптеген халықаралық сарапшылар оны тым оптимистік деп санайды. Әсіресе, өнеркәсіптік өсім әлсіз, мұнай өндіру төмендеп жатыр», – дейді Сұлтанбек Мәкежанов.

Сондай-ақ депутат бюджет жобасына енгізілген 2025 жылға арналған инфляция дәлізінің 5,5-7,5% аралығындағы сәйкестігіне күмән келтірді.

«Бюджет шығынының ұлғаюы инфляцияның төмендеуіне әкелмейді, сондықтан бұл көрсеткіш декларативті болып қалуы әбден мүмкін», — деді ол.

Салық түсімдерінің оптимистік болжамына да назар аударылды.

«Министрлік тағы да өте оптимистік болжам дайындады – 15,1 трлн теңге, бұл биылғы жылмен салыстырғанда 3 трлн теңгеге артық. Алайда, биыл 9 айдың қорытындысы бойынша КТС бойынша жоспардың орындалуы небәрі 82%, ҚҚС бойынша 70% ғана болған. Бұл ретте келесі жылы кірісті 2 трлн теңгеден астамға арттыру жоспарлануда», – деген Сұлтанбек Мәкежанов әлемдік экономиканың баяулауы мен экспорттық тауарлар бағасының төмендеуіне байланысты министрлік салық жинауда қиындықтарға тап болып отырғанын айтты.

Сондай-ақ депутат Ұлттық қордан түсетін қаражаттың ұлғаюына назар аударды, ол келесі жылы түсімдерден 500 млрд теңгеге асып түседі.

«Бюджет ережелерін қатайтып, Ұлттық қор қаражатын тек экономикалық құлдырау кезеңінде ғана пайдалануды шектеп, бұл қаражаттың қайда бағытталып жатқанын бақылап отыруымыз керек», — деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Сонымен қатар, ол өсіп отырған мемлекеттік қарыз және оған қызмет көрсету шығындары мәселесіне тоқталды.

«2025 жылы мемлекеттік қарызға қызмет көрсету құны 2,5 трлн теңгені құрайды – бұл сыни деңгейге жақын», — деді ол.

Талқылау нәтижесінде сенаторлар ұсынылған өзгерістер мен ескертулердің барлығын ескере отырып, заң жобасын қайта қарау үшін Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.