Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының төрайымы Елена Бахмутова бизнеске берілетін банк несиелерінің 37%-ы квазимемлекеттік секторды льготалық несиелеуге тиесілі екенін хабарлады. Оның үстіне «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компанияларын қаржыландыруы бұл статистикаға кірмейді.
Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова мемлекеттік несиелердің өсім қарқыны жеке банктердің несиелеу өсімінен екі есе асып түскеніне назар аударды — сәйкесінше +25% және +12%.
«Біз квазимемлекеттік компаниялардың коммерциялық несиелеуге кіріп, мемлекеттік қаражат есебінен арзанырақ мөлшерлеме бере отырып, бәсекеге қабілетсіз жағдай туындатып жатқанын көріп отырмыз», – деді Шаяхметова.
Айта кетсек, квазимемлекеттік қорлар мен институттар 3 трлн теңге қарыз берген. Жылдық өсім +35,4% болған.
Сонымен қатар елімізде инвестицияны мемлекеттік бюджет қана ұстап тұр. 2025 жылғы қаңтар–қыркүйек қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция 13,5% өсіп, 13,795 трлн теңгені құрады. Алайда инвестиция құрылымында мемлекеттік бюджеттің үлесі арта түсті — +37,6%, яғни жалпы көлемдегі үлесі 19%-дан 23%-ға дейін өскен. Ал компаниялардың меншікті қаражатының үлесі 66,6%-дан 63%-ға дейін, банктік несиелеу көлемі 3,8%-дан 3,7%-ға дейін азайған.
Қазақстанда бизнеске бюджеттен ақша құю да үдеп барады. 2025 жылғы қаңтар–тамыз айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 11 543,1 млрд теңгені құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,3 % өскен. Инвестицияның басты көзі кәсіпорындардың өз қаражаты – 7 320,3 млрд теңге немесе жалпы көлемнің 63,4%. Бюджет қаражаты 23% құрап, өткен жылмен салыстырғанда 42,6% артқан. Банктердің қаржыландыру үлесі – 3,5%.