Жағдайы жетіп тұрса көпбалалыларға жәрдемақы берілмейді

Кейбір азаматтарға қосымша мемлекеттік жәрдемақы алу қиындайды. Енді бірқатар төлемді тағайындау кезінде азаматтың нақты мұқтаждығы ескеріледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Қазір Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақының 39 түрі бар. Жаңа тәсілге сәйкес, олардың 14 түрі мұқтаждық деңгейін ескере отырып тағайындалады.

Кімдерге қатысты?

Өзгерістер Отбасының цифрлық картасы бойынша әл-ауқат деңгейі «А» және «В» санаттарына, яғни әл-ауқаты жоғары және ауқатты отбасыларға қатысты болады.

Олардың қатарында:

  • балалы және көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер;

  • мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын ата-аналар мен тұлғаларға арналған жәрдемақылар;

  • мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар;

  • жерлеуге берілетін жәрдемақылар;

  • соғыс қимылдарының ардагерлеріне арналған төлемдер;

  • қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына берілетін төлемдер;

  • мемлекеттік атақтарға ие азаматтарға арналған жәрдемақылар бар.

Министрлік жаңа тәртіп әр төлемнің нақты түріне қарай қолданылатынын атап өтті. Сондықтан жаңа талап барлық төлем автоматты түрде тоқтатылады дегенді білдірмейді.

Сонымен қатар, бір жәрдемақыны алып отырған адам екінші жәрдемақыға өтінім берсе, мемлекет жәрдемақы беруден бас тартуы мүмкін.