Қазақстан Теңіз кен орнын игеру туралы келісімді 2033 жылдан кейін ұзартуға дайын, алайда инвесторларға бірқатар қаржылық және операциялық талап қоюы мүмкін. Бұл туралы Bloomberg өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Талқыланып жатқан негізгі шарттардың бірі — Қазақстанға 10 млрд доллар көлемінде бір жолғы төлем жасау және жобадағы мемлекеттің үлесін қазіргі 20%-дан 35%-ға дейін арттыру.
Келіссөздер әзірге бастапқы кезеңде. Теңізшевройлдағы қазіргі үлестер:
Chevron — 50%
ExxonMobil — 25%
ҚазМұнайГаз — 20%
Лукойл — 5%
Теңізді игеру бойынша қазіргі келісім 2033 жылғы 2 сәуірде аяқталады. Қазақстан Энергетика министрлігі бұған дейін ТШО келісімді 2033 жылдан кейін де ұзартуға мүдделі екенін растаған.