Риелторларға қатысты заң жобасы дайындалып жатыр

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің қатысуымен Сауда және интеграция министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Отырыста риелторлық қызметті реттеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету және заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.

Саладағы өзекті мәселелердің қатарында риелторлардың бірыңғай мемлекеттік тізілімінің және міндетті аккредиттеудің болмауы, қызмет көрсетуге ортақ талаптардың белгіленбеуі, баға қалыптастырудың ашық еместігі және тұтынушылардың шағымдарын қарау тетіктерінің жеткілікті деңгейде реттелмеуі атап өтілді.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, риелторлық қызметті реттеуге қатысты заңнаманы жетілдіру жұмыстары депутаттардың бастамасымен жүргізіліп жатыр.

Осы бағытта министрлік риелторлық қызметті, риелторлық қызмет көрсету тәртібін, лицензиялау және мемлекеттік бақылау мәселелерін реттеуге бағытталған заңнамалық бастамалар бойынша Үкіметтің үш оң қорытындысын алды.

Тиісті заң жобаларын қарау барысында Үкімет риелторлық қызметті реттейтін жеке заң әзірлеудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Сонымен бірге осы саладағы құқықтық реттеуді жетілдіріп, риелторлық қызмет алатын азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту қажет екені айтылды.

Қазір риелторлық қызметті реттеуге қатысты заң жобасы Қазақстан Республикасының Құрылтайында қаралып жатыр. Сонымен қатар риелторлық қызмет көрсету саласындағы кәсіби стандарт әзірленіп, келісу жұмыстары жүргізілуде.

PANA қауымдастығының төрағасы Әсет Айтбайдың айтуынша, нарықтағы негізгі мәселелердің бірі – кәсіби талаптарға сай келмейтін делдалдардың көп болуы және алаяқтық жағдайларының кездесуі.