2025 жылғы қаңтар–қыркүйек қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция 13,5% өсіп, 13,795 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Салыстырмалы түрде алғанда, өткен жылы өсім бар болғаны 0,6% болған еді.
Алайда инвестиция құрылымында мемлекеттік бюджеттің үлесі арта түсті — +37,6%, яғни жалпы көлемдегі үлесі 19%-дан 23%-ға дейін өскен. Ал компаниялардың меншікті қаражатының үлесі 66,6%-дан 63%-ға дейін, банктік несиелеу көлемі 3,8%-дан 3,7%-ға дейін азайған.
Бюро компания қаражатының қанша бөлігі квазимемлекеттік секторға тиесілі екенін нақтыламаған, сондықтан мемлекеттік қаржыландырудың нақты көлемі бұдан да жоғары болуы мүмкін.
Жалпы шығындардың құрылымында 68%-ы ғимараттар мен құрылыстарды салу және күрделі жөндеу жұмыстарына, ал 27,5%-ы машиналар, жабдықтар және көлік құралдарын сатып алуға жұмсалған.