2020 жылғы 1-тоқсандағы алдын ала бағалау бойынша төлем балансының ағымдағы шоты 2019 жылғы 1-тоқсандағы 0,1 млрд АҚШ доллары дефицитімен салыстырғанда 1,2 млрд АҚШ долларында оң сальдомен қалыптасты.
Сауда балансы профицитінің 6,9 млрд АҚШ долларына дейін 0,7 млрд АҚШ долларына (11,8%-ға) ұлғаюы ағымдағы шот жақсаруының негізгі факторы болып табылады.
Тауарлар экспорты 13,9 млрд АҚШ долларына дейін 4,4%-ға өсті, бұл жеткізулер санының өсуі есебінен мұнай экспорты құнының ұлғаюына негізделді. Тауарлар импорты 7,0 млрд АҚШ долларына дейін 2,1%-ға төмендеді. Импорттың төмендеуі жеке тұлғалардың шекарадан өтуіне тыйым салуды енгізу нәтижесінде шекара маңындағы сауданың қысқаруына негізделді.
Шетелдік тікелей инвесторлардың кірістері 2020 жылғы 1-тоқсанда 4,7 млрд АҚШ долларына дейін 7,6%-ға төмендеді.
Қаржы шоты (Ұлттық Банктің резервтік активтерімен операцияларды қоспағанда) бойынша капиталдың таза әкелінуі 2019 жылғы 1-тоқсандағы 3,6 млрд АҚШ долларында таза әкетілумен салыстырғанда 2020 жылғы 1-тоқсанда 0,7 млрд АҚШ доллары болды.
Әкеліну мемлекеттік сектордың (Үкімет пен Ұлттық Банк) және банктердің операцияларымен қамтамасыз етілді.
Тікелей шетелдік инвестициялар бойынша капиталдың таза әкелінуі 2019 жылғы 1-тоқсандағы 3,0 млрд АҚШ долларынан 2020 жылғы 1-тоқсандағы 2,5 млрд АҚШ долларына дейін 16,6%-ға төмендеді. Капиталдың әкелінуі бейрезиденттердің кірістерін қайта
инвестициялаумен және резиденттердің үлестес тұлғалар алдындағы борыштық міндеттемелерінің ұлғаюымен қамтамасыз етілді.
Банктер бойынша 0,4 млрд АҚШ доллары мөлшеріндегі капиталдың таза әкелінуі олардың шетелдік бағалы қағаздардағы портфелінің қысқаруымен және еурооблигациялар шығарылымы есебінен портфельдік инвестициялардағы міндеттемелерінің өсуімен байланысты.
Басқа секторлар бойынша активтердің 2,7 млрд АҚШ долларына ұлғаюы олардың міндеттемелері 2,6 млрд АҚШ долларына өсуін теңестірді, нәтижесінде осы сектор бойынша капиталдың таза әкелінуі 47,1 млн АҚШ долларын құрады.
Резервтік активтер (ҚР Ұлттық қорының активтерін есептемегенде) 2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 29,8 млрд АҚШ доллары болып бағаланды, бұл қазақстандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер импортының 7,2 айын қаржыландыру қажеттілігін өтейді.