Еуропалық одақ Ресейге қарсы санкциялық тізімді кеңейтті. Жаңа шектеулер 145 жеке және заңды тұлғаға қатысты енгізілді. Олардың қатарында Wildberries маркетплейсінің негізін қалаушы әрі RWB басшысы Татьяна Ким де бар. Бұл туралы Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро 16 қарашада Брюссельде мәлімдеді. Осы орайда, Naryk.kz редакциясы Wildberries басшысына салынған санкцияның қазақстандық селлерлерге әсер етер-етпесін анықтады.
Компания өкілдерінің түсіндіруінше, санкциялар жеке тұлғаға қатысты енгізілген және Wildberries серіктестеріне қолданылмайды.
«Еуропалық одақтың Татьяна Кимге қатысты санкциялары RWB жұмысына және оның экожүйесіне кіретін компанияларға әсер етпейді. Себебі компанияның Еуропалық одақ аумағында активтері жоқ және бұл елдерде қызмет жүргізбейді», – деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Wildberries пен RWB құрамындағы басқа компаниялардың барлық сервистері әдеттегі режимде жұмысын жалғастыратыны айтылды. Компания клиенттері мен серіктестері ешқандай өзгерісті байқамайды деп сендірді.
Осылайша, компанияның ресми түсініктемесіне сәйкес, Татьяна Кимге қатысты жеке санкциялар Wildberries платформасының Қазақстандағы сатушылары мен сатып алушыларына әсер етпейді.