2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанның республикалық бюджетіне 17,65 трлн теңге кіріс түскен, ал шығын 20,55 трлн теңгені құрады. Нәтижесінде бюджет тапшылығы 3,57 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепте көрсетілген.
Есепті кезеңде кірістер жоспары 98,81% орындалған. Бюджетке жоспарланған қаражаттан 213,2 млрд теңге кем түсті. Ал шығыстар жоспары 99,03% орындалып, 201,2 млрд теңге игерілмеген.
Бюджет кірісі қайдан түсті?
Қаңтар-қазан айларында республикалық бюджетке түскен 17,65 трлн теңгенің 14,06 трлн теңгесі салық түсімдерінен құралды. Бұл бағыт бойынша жоспар 99,1% орындалған.
Негізгі салық түсімдерінің ішінде қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша 6,38 трлн теңге жиналды. Бұл жоспарланған 7,33 трлн теңгенің 87,11%-ы ғана.
Корпоративтік табыс салығынан 4,08 трлн теңге түсті. Жоспар 102,89%-ға орындалған. Кедендік төлемдер 2,08 трлн теңге, табиғи және басқа ресурстарды пайдаланғаны үшін төлемдер 1,3 трлн теңге болды.
Акциздерден 91,8 млрд теңге түсті. Бұл жоспардың 72,3%-на тең.
Бюджет кірісінің тағы бір маңызды көзі – трансферттер. Олардың көлемі 3,31 трлн теңгені құрады. Оның ішінде Ұлттық қордан 2,77 трлн теңге кепілдендірілген трансферт алынған. Осылайша, оның жылдық лимиті толық пайдаланылды.
Бюджет қаражаты қайда жұмсалды?
Республикалық бюджет шығыстарының ең үлкен бөлігі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталды. Бұл мақсатқа 5,6 трлн теңге немесе барлық шығыстың 27,3%-ы жұмсалған.
Өңірлерге берілетін трансферттерді қоса алғанда, трансферттерге 4,54 трлн теңге бөлінді. Ал мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығындары 2,93 трлн теңгеге жетті.
Басқа негізгі бағыттар бойынша шығыстар:
Денсаулық сақтау – 1,43 трлн теңге;
Жалпы сипаттағы мемлекеттік қызметтер – 1,23 трлн теңге;
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік – 1,16 трлн теңге;
Қорғаныс – 1,1 трлн теңге;
Көлік және коммуникация – 716,7 млрд теңге;
Білім беру – 619,99 млрд теңге.
Ауыл, су, орман және балық шаруашылығына, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға 375,3 млрд теңге жұмсалған. Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістікке 267,16 млрд теңге бөлінді.
Өнеркәсіп пен құрылысқа 20,91 млрд теңге бағытталған.
Мұнайға қатысы жоқ бюджет тапшылығы – 7,97 трлн теңге
Таза бюджеттік кредиттеу (428,94 млрд теңге) мен қаржы активтерін сатып алуды (250,7 млрд теңге) есепке алғанда, республикалық бюджеттің нақты тапшылығы 3,57 трлн теңге болды.
Бұл есепті кезеңге жоспарланған 3,6 трлн теңгеден сәл төмен. Ал 2026 жылға арналған тапшылықтың жылдық болжамы – 4,59 трлн теңге.
Сонымен қатар мұнайға қатысы жоқ бюджет тапшылығы 7,97 трлн теңгені құрады.