2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 116,8 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8% көп. Мұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросы жариялады.
Есепті кезеңде экспорт 18,1% өсіп, 68,4 млрд долларға жетті. Ал импорт 4% артып, 48,4 млрд доллар болды.
Нәтижесінде сыртқы сауда профициті өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе өсіп, 20,1 млрд долларды құрады.
Қазақстан қай елдерге көп экспорттайды?
Қазақстан экспортының негізгі бағыттары:
Қытай – 17,9%;
Италия – 17,6%;
Ресей – 8,5%;
Түркия – 7,7%;
Нидерланд – 6,2%.
Экспорт құрылымында мұнай мен мұнай өнімдері басым. Олардың үлесі жалпы экспорттың 49,3%-ын құрады.
Сондай-ақ тазартылған мыс пен өңделмеген мыс қорытпаларының үлесі – 6,4%, радиоактивті химиялық элементтер мен изотоптар – 5,4%, мыс кендері мен концентраттары – 4,3%, ферроқорытпалар – 2,4%.
Қазақстан қай елдерден тауар сатып алады?
Импорттағы ең ірі серіктестер – Ресей мен Қытай. Олардың үлесіне барлық импорттың тиісінше 31%-ы және 30,3%-ы тиесілі.
Басқа негізгі жеткізушілер:
Германия – 4,6%;
АҚШ – 3,7%;
Оңтүстік Корея – 2,4%;
Түркия – 2,1%.
Қазақстан көбіне жеңіл автомобильдер мен өзге де моторлы көліктерді (3,2%), телефондарды (2,8%), дәрі-дәрмектерді (2,5%), мұнай газын және басқа газ тәрізді көмірсутектерді (2,2%), сондай-ақ автокөлік шанақтарын (2,2%) импорттайды.