Қазақстандағы ірі алтын өндіруші компаниялардың бірі «Алтыналмас» 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 341,2 млрд теңге таза пайда тапты. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,8% көп. Компанияның қаржылық есептілігі AIX биржасында жарияланды.
Табыс алтын сатудың артуы есебінен өсті
Компания пайдасының өсуіне негізінен доре қорытпасын сатудан түскен кірістің артуы әсер еткен. Есепті кезеңде алтын қорытпасын сатудан түскен түсім 25,4% өсіп, 642,6 млрд теңгеге жетті.
Топтың жалпы түсімі 17,3% артып, 684,4 млрд теңге болды. Операциялық пайда 31,2% өсіп, 359,8 млрд теңгеге жетті. Ал сатылған өнімнің өзіндік құны 15,8% өсіп, 295,3 млрд теңгені құрады.
Нәтижесінде жалпы пайда 19,5% артып, 387 млрд теңгеге жетті.
Әкімшілік шығындар екі есеге жуық қысқарып, 23,8 млрд теңге болды. Сонымен қатар компания 2025 жылы валюта бағамының өзгеруінен 6 млрд теңге шығын шексе, 2026 жылы осы бап бойынша 10,6 млрд теңге кіріс алған.
Компания активтері мен міндеттемелері қысқарды
2026 жылдың басынан бері «Алтыналмастың» активтері 7,2% азайып, 1 трлн теңгені құрады.
Бұған ақша қаражатының 40,3% қысқарып, 150,9 млрд теңгеге дейін төмендеуі әсер еткен. Өзге де ағымдағы активтер 4,7 есе азайып, 7,7 млрд теңге болды. Бұл негізінен қор сатып алуға берілген аванстардың 26,7 млрд теңгеден 2,1 млрд теңгеге дейін қысқаруымен байланысты.
Ал ұзақ мерзімді активтерді сатып алуға берілген аванстар екі еседен астам өсіп, 52,6 млрд теңгеге жетті.
Компанияның міндеттемелері 34,5% қысқарып, 366,8 млрд теңге болды. Бұған өзге де ағымдағы міндеттемелердің 161,5 млрд теңгеден 18,9 млрд теңгеге дейін азаюы әсер етті.
Атап айтқанда, дивидендтер бойынша берешек 127,8 млрд теңгеден 2 млн теңгеге дейін төмендеген. Ал 2025 жылдың соңында есептелген 24,6 млрд теңгелік бонус төлеу резерві 2026 жылғы қыркүйектегі есептілікте көрсетілмеген.
Дивиденд төлемі екі еседен астам өсті
2026 жылдың тоғыз айында «Алтыналмас» акционерлеріне 254,1 млрд теңге дивиденд төледі. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 123,7 млрд теңгемен салыстырғанда екі еседен астам көп.
Топтың меншікті капиталы 22,1% өсіп, 637,6 млрд теңгеге жетті. Оның негізгі бөлігі бөлінбеген пайда есебінен қалыптасты. Бұл көрсеткіш 23,3% өсіп, 610,5 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар компанияның күрделі шығындары 2,4 есе өсіп, 123,9 млрд теңгеге жетті. Оның 102,8 млрд теңгесі алтын өндіру сегментіне тиесілі. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл бағыттағы шығын 51,5 млрд теңге болған.
«Алтыналмастың» жаңа иесі кім болуы мүмкін?
1993 жылы құрылған «Алтыналмас» Қазақстандағы ірі алтын өндіруші компаниялардың қатарына кіреді.
2026 жылғы наурызда кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліппен байланысты Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы «Алтыналмастың» және оның еншілес кәсіпорындарының 100% акциясын сатып алу туралы келісімшартқа қол қойған.
Алайда мәміленің аяқталғаны туралы әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша «Алтыналмас» акцияларының 18,52%-ы Владимир Жұманбаевқа, ал 54,33%-ы Нидерландта тіркелген Gouden Reserves B.V. компаниясына тиесілі болған.