Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында IT-саланы дамыту аясында жаңа міндеттерді іске асыру мәселелері қаралды.
Соңғы жылдары мемлекеттің белсенді саясатының нәтижесінде IT саласына қызығушылықтың күрт өсуі байқалды. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарындағы тиісті факультеттердегі студенттер саны артып келеді. Заманауи IT-мектептер инновациялық экономиканы құру үшін қажетті мамандар базасын толықтырады. TechOrda бағдарламасы аясында қазақстандықтар ваучерлік жүйе бойынша жетекші жеке меншік IT-мектептерде оқи алады. Болашақта білім беру сапасын арттыру мақсатында оқытушыларды даярлауға ваучерлер бөлу және IT-факультеттерде сапа стандарттарын енгізу мәселелері пысықталатын болады.
Министр қазақстандық IT-қызметтердің экспортын ұлғайту үшін жақын арада Оңтүстік-Шығыс Азия мен Таяу Шығыста Silkroad hub өкілдіктері ашылатынын атап өтті. Сондай-ақ білікті мамандарды тарту үшін Digital Nomad Visa жобасы іске асырылатын болады.
Сонымен қатар республика өңірлерінде жаңа технологиялық хабтар ашу жұмыстары жалғасады. Бүгінгі таңда 9 алаң ашылды, жыл соңына дейін тағы 4 хаб іске қосылады деп жоспарлануда.
Бүгінде Қазақстан нарығында стартаптарға $145 млн инвестиция салған 24 венчурлік қор жұмыс істейтіні атап өтілді. Алайда венчурлік келісімдер санының өсуіне қарамастан, қаражат тапшылығы орын алуда. Осыған байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі нарық өкілдерімен бірлесіп, венчурлік индустриядағы шектеулерді алып тастайтын заңнамалық бастамаларды әзірлейді.
Сонымен қатар жасанды интеллект саласын дамыту жалғасады, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Каспий маңы оптикалық инфрақұрылымы мен деректерді өңдеу орталықтары пайдалануға берілмек. Сондай-ақ IT-инвесторлар үшін арнайы экономикалық аймақ құру жоспарланып отыр.
Отырыс барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірлік IT-хабтардың жұмысы туралы айтып берді. Сондай-ақ жеке меншік «Most Hub» технопаркінің басшысы Мират Ахметсадықов және «Kwaaka» стартапының негізін қалаушылардың бірі және техникалық директоры Мақсат Қадыров сөз сөйледі.
Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі таңда IT-индустрия – әлемдік экономикадағы ең жылдам дамып келе жатқан салалардың бірі. Сарапшылардың пікірінше, биыл жаһандық IT-нарықтың көлемі $4,5 трлн-ға жетеді.
«Президент өз Жолдауында 2026 жылға қарай IT-қызметтерінің экспортын $1 млрд-қа дейін жеткізуді тапсырды. Бұл – нақты іске асыруға болатын міндет», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының сөзінше, соңғы жылдары Қазақстан IT-секторды дамытуда айтарлықтай серпіліс жасады. Ірі әлемдік компаниялар мен инвесторлар тартылуда. Жергілікті стартаптар үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр.
«Тек 3 жылдың ішінде IT-қызметтердің экспорты 5 есе өсті. Осы жылдың қорытындысы бойынша ол $500 млн-ға жетуі мүмкін. Осы міндетке қол жеткізудегі негізгі драйверлер IT-хабтар мен венчурлік қорлар болуы тиіс», — деді премьер-министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы осы салада біліктілігі жоғары мамандар даярлау қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты білім беру бағдарламаларын одан әрі дамыту, ол үшін ірі бизнесті тарту талап етіледі.
«Әлемдік трендтер тез өзгеруде. Бүгінгі таңда жасанды интеллектке негізделген нейрожелілер белсенді дамып келеді. Қазірдің өзінде олардың көбі мәтін және сурет әзірлеумен қатар, адамдарға қарағанда бағдарламаларды бірнеше есе жылдам жазады. McKinsey зерттеуіне сәйкес 2030 жылға қарай күнделікті операциялардың көбі жасанды интеллекттің мойнына ілінбек. Осыған байланысты білім беру мен IT-инфрақұрылымды жақсы құру қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстан жаһандық IT-нарықтың толыққанды мүшесі болуға ұмтылуы керек. Ол үшін әр өңірдің өз IT-хабы мен заманауи IT-мектептері болуы тиіс.
«Табысты мысалдар бар. Атап айтқанда, Алматы және Қарағанды облыстарында өңірлік IT-хабтар мен мектептер жұмыс істейді. Осындай оңтайлы тәжірибені басқа өңірлерге де кеңінен тарату қажет», — деді премьер-министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы стартап-жобаларды дамыту мәселесінде сұрақтар көп екенін алға тартты. Жалпы бастапқы кезеңде оларды қолдауға көңіл бөлінгенімен, әрі қарай бизнесті кеңейтуге қаражат табылмай қалады.
«Оның соңы жобаның орта жолда тоқтап қалуына әкеледі. Мұның барлығы IT-индустрияның дамуына кедергі келтіреді. Саланың экспорттық әлеуеті жоғалады. Бұған ірі бизнесті, банктер мен венчурлық қорларды және басқа да құралдарды тарту қажет. Біз қолда бар барлық мүмкіндік пен ресурсты пайдалануымыз керек», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, программистерді, дизайнерлерді, инженерлер мен осы саланың өзге де мамандарын даярлау және қайта даярлау үшін IT-мектептер құру, IT-мамандарды оқыту бағдарламасын әлемдік трендтерге сай барынша икемді етіп жасау қажет, сондай-ақ студенттер мен тәжірибе алмасу үшін жетекші университеттермен тағылымдамадан өту бағдарламаларын жолға қою керек.