Екінші жыл қатарынан өтіп жатқан Halyk OIY Tech IT-конференциясы ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект, деректерді талдау және цифрлық өнімдер саласында жұмыс істейтін 500 маман жинады. Іс-шара аясында мамандар қандай сұрақтарды талқылағаны туралы – толығырақ материалда.
Halyk OIY Tech IT-конференциясын ұйымдастырушы – Halyk Bank, ал оның бас серіктесі – халықаралық Visa төлем жүйесі. Биыл конференцияға банк мамандарымен қатар Visa, Amazon Web Services, Plug and Play және Ymatrix компанияларының өкілдері қатысты.
Жасанды интеллект мүмкіндіктері – басты фокуста
Жиында 30 спикер баяндама жасап, банк саласындағы технологиялық өзгерістер мен халықаралық тәжірибе туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, банк жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу, алаяқтықпен күресу, клиенттерге қызмет көрсетуді жетілдіру және қаржы саласындағы технологиялардың болашағы талқыланды.
Басымдық – жасанды интеллектінің банк жұмысындағы мүмкіндіктеріне берілді.
Жасанды интеллект банктің қай бағыттарында қолданылатынын Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары, тәуекел-менеджмент басшысы Роман Машчык түсіндірді. Оның айтуынша, Halyk ЖИ-ді үш бағытта қолданады. Атап айтқанда, несие беру кезінде деректерді талдау, банк ішіндегі жұмысты жеңілдету және тапсырмаларды өздігінен орындай алатын жасанды интеллект агенттерді дамыту.
Жаңа цифрлық көмекші клиенттерге қалай көмектесе алады?
Банк клиенттеріне арналған жаңа цифрлық көмекшіні Halyk басқарма төрағасының орынбасары Кирил Бачваров таныстырып өтті.
«Қазір цифрлық көмекшінің екі негізгі қызметі жұмыс істейді. Біріншісі – пайдаланушылардың сұрақтарына жауап беру. Екіншісі – телефонның байланыс тізіміндегі адамға ақша аудару. Мысалы, клиент «жұбайыма ақша аудар» деп тапсырма бере алады», – деді Кирил Бачваров.
Оның айтуынша, цифрлық көмекші банк қызметтеріне қол жеткізуді едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бүгінде көптеген мобильді қосымшада қажетті қызметті табу үшін бірнеше бөлімді ашып, бірқатар әрекетті орындау қажет. Ал цифрлық агент бұл қадамдарды қысқартады.
ЖИ агенттер операцияларды жеделтеді
Halyk деректер офисінің басшысы Рүстем Мұратбековтың айтуы бойынша, жаңа технологиялар арқасында банктің ішкі жұмыс процестері де өзгеріп жатыр. Банк ішінде бизнес процесіне көмектесетін 70-тен астам жасанды интеллект агенті бар.
«Бұрын бір технологиядан екіншісіне көшу үшін бір немесе бір жарым жыл қажет болатын еді. Қазір мұндай жұмысты екі-үш айда аяқтауға мүмкіндік бар. Оған жасанды интеллектінің көмегімен ақпаратты жылдам талдау, мамандардың жұмысын жеңілдету және кейбір процестерді автоматтандыру ықпал етеді», – деді Рүстем Мұратбеков.
Оның сөзінше, технологиялық трансформацияның негізгі міндеттерінің бірі – банкте жинақталған тәжірибе мен білімді көпшілікке қолжетімді ету. Бұл ретте конференция IT саласының мамандары мен студенттерге нарықтағы жаңа үрдістерді зерделеп, тың жобалар мен әзірлемелер туралы білуге жол ашады.
Halyk OIY Tech конференциясы алғаш рет 2025 жылы ұйымдастырылды.
Фото: Евгений Морозов