Бір шаруашылыққа берілетін жайылымның көлемі ұлғайды

Қазақстанда бір шаруашылыққа жалға беруге болатын жайылымдық жердің ең жоғары көлемі 55 мың гектардан 56 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Үкіметтің 2023 жылғы 25 қаңтардағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерін бекіту туралы қаулысына енгізілген өзгерістерде көрсетілген.

Жаңа талапқа сәйкес, бір заңды тұлғаға уақытша жер пайдалану құқығымен берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 150 мың гектардан аспауы тиіс. Оның ішінде жыртылатын жер көлемі 130 мың гектарға дейін, суармалы егістік 22 566 гектарға дейін, шабындық 18 мың гектарға дейін белгіленген.

Ал жайылымдық жердің ең жоғары көлемі 56 мың гектарды құрайды. Дегенмен бұл шекті мөлшер барлық өңірге бірдей қолданылмайды. Мәселен, 56 мың гектарға дейін жайылымды тек Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданындағы шаруашылықтар жалға ала алады. Басқа аудандарда рұқсат етілген көлем бұдан төмен.

Жамбыл облысында жер көлеміне қатысты талаптар өзгерді

Қаулыдағы өңірлік өзгерістер негізінен Жамбыл облысына қатысты. Мұнда бір шаруашылыққа жалға беруге болатын ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 28 460 гектардан 50 550 гектарға дейін ұлғайтылды.

Соның ішінде жайылымдық жер көлемі 25,5 мың гектардан 50 мың гектарға дейін артты.

Сонымен қатар егістік жердің шекті көлемі 2 230 гектардан 500 гектарға дейін қысқарды. Суармалы егістік көлемі 820 гектардан 150 гектарға, ал шабындық жер 730 гектардан 100 гектарға дейін азайтылды.

Осылайша, Жамбыл облысында шаруашылықтарға берілетін жер көлемінің негізгі өсімі жайылымдық алқаптарға тиесілі болды.