Енді демалыс күндері де биржада сауда жасауға болады

ITS халықаралық сауда алаңы 2026 жылғы 31 қазаннан бастап Қазақстанда алғаш рет бағалы қағаздармен сауда-саттықты демалыс күндері іске қосады. Мұндай шешім нарық қатысушыларымен жүргізілген талқылаулардың қорытындысы бойынша және инвесторлардың аптасына жеті күн сауда жасау мүмкіндігіне деген сұранысының артуына байланысты қабылданды.

Сенбі және жексенбі күндері ITS алаңындағы сауда-саттық Астана уақытымен сағат 10:00-ден 24:00-ге дейін өтеді. Бұл АХҚО-ның өңірлік қаржы орталығы және өтімділік орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Алғашқы кезеңде демалыс күндері инвесторларға 68 құрал қолжетімді болады. Оның ішінде арнайы іріктелген 50 акция, ITS ETF-тері және жекелеген акцияларға арналған ETF-тер (single-stock ETF) бар. Инвесторлар мәмілелерді негізгі сауда режимінде, келіссөздер арқылы мәмілелержасау режимінде (РПС), сондай-ақ қолжетімді құралдар бойынша РЕПО операцияларын жүргізе алады. Демалыс күндеріндегі сауда сессиялары барысында өтімділікті қолдау тетіктері қарастырылған. Инвесторлар сауда-саттыққа ITS қатысушысы болып табылатын брокерлер арқылы қатыса алады.

Демалыс күндері сауда жасау инвесторларға портфельдерін өздеріне ыңғайлы уақытта, соның ішінде жұмыс күндерінен тыс уақытта басқаруға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жұмыс аптасында нарықты үнемі бақылауға мүмкіндігі бола бермейтін жеке инвесторлар үшін өзекті.

«Қазақстанның қор нарығы қарқынды дамып келеді. Онымен бірге инвесторлардың жаңа сауда мүмкіндіктеріне деген сұранысы да артып отыр. Осы сұранысқа жауап ретінде біз демалыс күндері сауда-саттықты іске қосу туралы шешім қабылдадық. Енді инвесторлар дүйсенбіні күтпей-ақ мәмілелер жасап, маңызды жаңалықтарға жедел әрекет ете алады. Бұл бағалы қағаздармен сауда жасауды тиімді әрі ыңғайлы етеді», - деді ITS бас директоры Құрмет Оразаев.

Сауда уақытын ұзарту – әлемдік қор нарығындағы негізгі трендтердің бірі. Криптовалюта нарықтары демалыссыз жұмыс істеп келе жатқанына көп болды. Ал америкалық Nasdaq биржасы 2026 жылғы желтоқсаннан бастап аптасына бес күн, тәулігіне 23 сағат сауда жасау режиміне көшуді жоспарлап отыр.

ITS те осы трендті ұстанып отыр. Қазір жұмыс күндері сауда алаңы Астана уақытымен таңғы 9:00-ден келесі күнгі 3:45-ке дейін, яғни тәулігіне шамамен 19 сағат жұмыс істейді.

Демалыс күндері сауда жасауға қолжетімді құралдардың тізімі нарық қатысушыларының сұранысына қарай кеңейтіледі. Алдағы уақытта ITS сауда сессияларының ұзақтығын тәулігіне 21 сағатқа дейін ұлғайтып, аптасына жеті күн жұмыс істеуді жоспарлап отыр.