Freedom-ның AI орталығы: алғашқы серверлер қашан іске қосылады?

Freedom-ның AI орталығы: алғашқы серверлер қашан іске қосылады?

Қазақстанда жасанды интеллектке арналған ірі есептеу орталығын құруды қолға алған Freedom инвестицияның ақталу мерзімін шамамен бес жыл деп болжап отыр. Алайда әр кезеңнің шығыны мен қаржылық қайтарымы жеке есептелмек. Freedom AI компаниясының бас директоры әрі Freedom Holding Corp. технологиялар жөніндегі директоры Ренат Туканов Naryk.kz-ке берген сұхбатында жобаның экономикалық тиімділігі қалай есептелетінін, компанияның серверлік жабдықтарды сатып алуға неліктен асықпағанын және NVIDIA-мен серіктестіктің негізгі тұстары туралы айтып берді.

2025 жылдың қарашасында Freedom Holding Corp. NVIDIA технологияларын пайдаланып, Қазақстанда Sovereign AI Hub атты жасанды интеллект орталығын құру жоспарын жариялады. Жобаға шамамен 2 млрд доллар инвестиция салу көзделген. Орталықтың жұмысына 100 МВт-қа дейін электр қуаты қажет болмақ. Мұндай ірі жобаның табысты болуы жабдықты дұрыс таңдауға ғана емес, оған жұмсалатын қаржы мен алдағы шығындарды дәл есептеуге де байланысты. Сондықтан Freedom серверлердің бағасын, құрылыс пен электр энергиясына кететін қаражатты және инвестицияның қанша уақытта ақталатынын мұқият зерделеген.

Freedom серверлік жабдықты таңдағанда технологияның жаңару қарқынын да ескерген. Жобаны әзірлеу кезінде NVIDIA-ның жаңа буын процессорларына тапсырыс беру мүмкіндігі пайда болған. Ренат Туканов мұның маңызын былай түсіндірді:

«Егер ақпан айында тапсырыс беріп қойғанымызда, NVIDIA-ның бұрынғы буын процессорларын таңдар едік. Асығыс шешім жасамағанымыз дұрыс болды. Ал қазір Dell, HP және Supermicro компаниялары жаңа Vera Rubin жүйелеріне тапсырыс жүріп жатыр. Олардың өнімділігі сынақ түріне қарай қазіргі буын процессорларынан екі-үш есе жоғары», – деді Ренат Туканов.

Өнімділігі жоғары процессорлар аз уақытта көбірек есептеу жұмысын атқара алады. Бұл өз қызметін ақылы негізде ұсынатын орталық үшін маңызды. Алайда Freedom жабдықтың қуатымен қатар, оның бағасы мен пайдалану шығындарын да ескереді. Компания NVIDIA процессорларын жеке сатып алмай, олармен жабдықталған дайын серверлерге тапсырыс бермек. Бүгінде жеткізуші таңдалып, сатып алуға дайындық басталған. Алғашқы кезеңде электр қуатын тұтыну көлемі шамамен 4 МВт болатын NVIDIA B300 серверлерін іске қосу жоспарланып отыр.

Freedom орталықты бірден толық қуатта ашпайды. Алдымен 4 МВт іске қосылады. Одан кейін әрқайсысы 25 МВт болатын тағы екі кезең қарастырылған. Тукановтың айтуынша, инвестицияның ақталуына шамамен бес жыл кетуі мүмкін. Алайда бұл бүкіл жобаға ортақ мерзім емес.

«Алдымен 4 мегаватты іске қосамыз, содан кейін 25 мегаватт, одан соң тағы 25 мегаватт қосылады. Әр кезеңнің ақталу мерзімі болады. Олардың қаржылық есебі бір-бірінен тәуелсіз жүргізіледі», – деп түсіндірді ол.

Freedom жасанды интеллект саласындағы компанияларға есептеу ресурстарын жалға беріп, табыс табуды көздейді. Бұл қызмет кәсіпорындарға қымбат серверлерді сатып алмай-ақ, қажетті есептеу мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашады. Төлем графикалық процессордың жұмыс уақытына қарай, яғни GPU-сағатпен есептеледі. Алайда жобаның табыстылығы сұраныспен ғана шектелмейді. Серверлердің үздіксіз жұмыс істеуі үшін электр энергиясы жеткілікті әрі тұрақты берілуі тиіс. Ренат Тукановтың айтуынша, оның бағасы ғана емес, қажетті көлемде қолжетімді болуы да маңызды. Осыны ескерген Freedom орталықты кезең-кезеңімен кеңейтіп, 2027 жылы шамамен 50 МВт қуатты іске қосуды жоспарлап отыр.

Жобаның технологиялық серіктесі NVIDIA компаниясымен байланыс та нығайып келеді. Қазан айында оның негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турловпен кездескен еді. Туканов бұл кездесуді NVIDIA-ның Қазақстан нарығына қызығушылығының белгісі деп бағалайды.