АӨК дамыту Тұжырымдамасы мен Ұлттық жобасының міндеттері айқындалған
Екі құжаттың айырмашылығы неде екенін Ауыл шаруашылығы министрі ҚР Президенті жанындағы ОКҚ алаңында өткен брифингте түсіндірді
Сапархан Омаров агроөнеркәсіп кешенін одан әрі тұрақты дамыту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша агроөнеркәсіп кешенін дамытудың «2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын» және «АӨК дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын» әзірлегенін айтты.
Ағымдағы жылдың 21-ші сәуірінде АӨК дамытудың жалпы тәсілдері ҚР Президенті жанындағы реформалар жөніндегі Жоғары Кеңес мүшелеріне таныстырылды және Президент мақұлдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Тұжырымдама мен Ұлттық жоба арасындағы шаралардың аражігін ажыратуды тапсырды.
«Тұжырымдама саланы - ұзақ мерзімдік кезеңге дамытудың басымдықтары мен векторларын айқындайды, сондықтан жүйелі сипаттағы шараларды, оның ішінде заңнама мен нормативтік-құқықтық базаны өзгертуді қамтиды. Ал, Ұлттық жоба күш-жігер мен ресурстарды шоғырландыруды талап ететін нақты міндеттер мен жобаларды шешуге бағытталған», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі.
Тұжырымдаманың негізгі міндеттері:
- мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру;
- ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
- Жер ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету;
- қаржы құралдарын жетілдіру және жүйелі сипаттағы басқа да шаралар.
Жүйелі құжаттар аясында мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз етуді нормативті түрде бекіту жоспарлануда. Бұл аграрилерге өз қызметін ұзақ мерзімді перспективаға жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында бизнеске міндеттемелер жүктелетін болады.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «мемлекеттік қолдау» бөлінерде өңірлердің ерекшеліктері ескерілетін болады. Бұл табиғи-климаттық және басқа да факторларға байланысты АӨК дамыту саласында мемлекеттік саясатты тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылық министрінің айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ірі қара саны 7,8 млн басқа жеткен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5,6%-ға артық. Қой мен ешкі басы 4,7%-ға, жылқы 10,1%-ға, түйе 5,2%-ға өскен.
Соған сәйкес, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі де артқан. Ет 4,3%-ға және сүт өндірісі 3,2%-ға өскен.
«Өткен жылы мал шаруашылығы өнімдері импортын алмастыру аясында елімізде 48 тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Бұл сүт зауыттарының жүктемесін 77%-ға дейін арттыруға, ал сүт өңдеу көлемін 1,8 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, 3 ет комбинаты іске қосылды. Осының арқасында ет өңдеу көлемін 151-ден 166 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туды.
Бұған қосымша 8 құс фабрикасы іске қосылды. Нәтижесінде ұйымдастырылған шаруашылықтарда құс етін өндіру көлемі өткен жылы 222,7-ден 235,3 мың тоннаға дейін ұлғайды», - деп хабарлады С.Омаров.