Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жарияланды.

Осы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдамада Ұлттық Банк пен Үкімет арасында жасалған Ұлттық қорды сенімгерлік басқару туралы шарттың негізінде Ұлттық Банкке сенімгерлік басқаруға берілген, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Ұлттық Банктегі шоттарында шоғырланатын қаржы активтерін басқару пайымы айқындалады.

Ұлттық қорды құрудың негізгі мақсаты болашақ ұрпақ үшін жинақтарды қалыптастыру арқылы қаржы ресурстарын жинақтау және республикалық бюджет пен ел экономикасының мұнай секторына тәуелділігін және қолайсыз сыртқы факторлардың ықпалын төмендету.

Ұлттық қордың бүкіл жұмыс істеу тарихында (2000-2022 жылдары) оның орташа жылдық кірістілігі 3,02%-ды құрады, ал шетел валютасындағы активтерді басқарудан түскен инвестициялық кіріс 15,1 млрд АҚШ долларын (Ұлттық қордың валюталық активтерінің шамамен 27%-ы) құрады.

Ұлттық қордың активтерін басқару тәсілдерді жетілдіру жұмысы 2016 жылы басталды. Мәселен, Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді, тұрақтандыру портфелінің 10 млрд АҚШ долларындағы ең көп мөлшеріне шектеу белгіленді.

2019 жылы Ұлттық қордың жинақ портфелінің активтерін консервативті бөлуден (облигацияларда 80% және акцияларда 20%) теңгерімді бөлуге (60% облигациялар, 30% акциялар, 5%-ға дейін балама құралдар және 5%-ға дейін алтын) көшу басталды. Бұл ретте 2001-2018 жылдар кезеңінде консервативті бөлінген жинақ портфелінің тарихи орташа жылдық табыстылығы 3,79%-ды құрады.

Жаңадан бөлу де облигациялар портфелін дамыған мемлекеттердің мемлекеттік облигацияларына, корпоративтік облигацияларына және дамушы мемлекеттердің мемлекеттік облигацияларына әртараптандыруды болжайды.

Әлемдік экономикалық өсудің бұдан былайғы белгісіздігі, 2019 жылдың ортасындағы сауда, саяси және геосаяси шиеленістер активтерді әртараптандырудың келесі қадамы - үлесін 3%-дан 5%-ға дейін біртіндеп ұлғайта отырып, алтын портфелін қосуға әкелді.

Соңғы 10 жылда Ұлттық қордың валюталық активтері 77,4 млрд АҚШ долларынан 55,7 млрд АҚШ долларына дейін азайды. Ел активтерінің осылай елеулі қысқару себептерінің бірі Ұлттық қордан республикалық бюджетке мұнай секторынан түсетін түсімнен тыс алу үрдісінің орнығуы болып табылады. Мысалы, 2014 жылдан бастап Ұлттық қордың қарқынды жұмсалуы байқалды, алдыңғы кезеңге қарағанда 39%-дан астам артты, ал 2017 және 2020 жылдары ол ең жоғары мәнге жетті (2017 жылы 2,1 трлн теңге түсім кезінде 4,4 трлн теңге алынды, 2020 жылы 1,4 трлн теңге түсім кезінде 4,8 трлн теңге алынды).

Болжауға келмейтін геосаяси ахуал, "жасыл экономикаға" көшу және төмен көміртекті стратегия аясында Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейту барынша басым болып барады.

Жетекші әлемдік қаржы институттарының капитал нарығы (LTCMA) бойынша соңғы ұзақ мерзімді (10-15 жылға) болжамдарға сәйкес жинақ портфелі активтерінің әлеуетті орташа жылдық кірістілігі 2023-2030 жылдар аралығындағы кезеңде активтерді консервативті бөлуге қатысты 1%-ға өседі.

Ұлттық қордың активтерін басқару мынадай қағидаттарға негізделеді:

1) инвестицияларды әртараптандыру - инвестицияларды активтердің сыныптары, елдер мен валюталар, басқару стильдері бойынша, соның ішінде сыртқы басқарушыларды тарту арқылы бөлу, бұл бір актив құнының құлдырауы екіншісінің құнының өсуімен өтелетін өтемақы әсерінің арқасында инвестициялардың кірістілігін төмендетпей, тәуекелдерді азайтуды болжайды;

2) тәуекелдерді басқару - тәжірибелі персоналдың, сандық және сапалық талдау құралдарының және тәуекелдерді бақылаудың сенімді тетіктерінің үйлесімімен қамтамасыз етілетін активтердің жекелеген сыныптары шеңберінде және жиынтығында қаржы нарықтарының белгісіздігі жағдайында кірістілікті барынша ұлғайту мен тәуекелдерді барынша азайту бойынша мақсат арасындағы теңгерімді тұрақты түрде іздеу;

3) есеп беру - Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілетін Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану туралы есеп шеңберінде Ұлттық қордың активтерін сенімгерлік басқару туралы ақпаратты соңғы 5 және 10 жылдағы және Ұлттық қордың активтерін басқару басталғаннан бергі ұзақ мерзімді аралықта инвестициялық кірістілік бойынша нәтижелерді көрсете отырып, жыл сайын міндетті түрде жариялау;

4) тиімділік - тәуекелдің қалыпты деңгейінде және контрциклдік бюджеттік қағиданың қатаң сақталуы жағдайында ұзақ мерзімді перспективада кірістілікке жету жолымен активтерді көбейту және сақталуын қамтамасыз ету қажеттілігіне негізделген Ұлттық қордың активтерін басқару.

Ұлттық қордың жинақ портфелін стратегиялық бөлу оның күтілетін кірістілігін және тәуекелінің қалыпты деңгейін айқындайды. Жинақ портфелін стратегиялық бөлудің нысаналы үлестері: 60% - облигациялар, 30% - акциялар, 5%-ға дейін - балама құралдар және 5%-ға дейін - алтын.

Бұл облигацияларды дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларына, корпоративтік облигацияларға және дамушы елдердің мемлекеттік облигацияларына әртараптандыруды да көздейді.

Күтілетін нәтиже - 2023-2030 жылдар кезеңінде Ұлттық қор активтерінің кірістілігін активтерді консервативті бөлуге қарағанда 1%-дан кем емес мөлшерге (жылдық мәнде) ұлғайту, бұл 2030 жылға қарай Ұлттық қор активтерінің көлемін 100 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға (контрциклдік бюджеттік қағида сақтанған жағдайда) ықпал ететін болады.