Олжас Бектенов шетелде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтардың құқығын қорғауды қамтамасыз етуді тапсырды
Үкіметте қазақстандықтардың шетелдегі еңбек қатынастарын заңдастыру және олардың құқықтарын қорғау қажеттілігі атап өтілді. Қазіргі уақытта тиісті үкіметаралық келісімдер жасасу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Қазірдің өзінде шет елдерде біздің азаматтарды жұмысқа орналастыратын жеке агенттіктердің қызметін бір жүйеге келтіру қажет. Қазақстандықтар келісімшарт бойынша сенімді кепілдік алуға тиіс. Еңбек министрлігі осы бағытта кешенді шаралар қабылдасын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Шетелде жұмыс істегісі келетіндер үшін бірқатар өңірлерде, атап айтқанда Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында Кәсіптік және тілдік даярлау орталықтары ашылады. Үкімет басшысы басқа өңірлер бұл тәжірибені ары қарай пайдалана алатынын ескертті.