Қазақстандағы Uber KZ такси шақыру сервисі пайдаланушыларға қосымшаның жұмысын тоқтататыны туралы ескерту жібере бастады. Компания жолаушыларға оның орнына Fasten қосымшасын жүктеп, сапарға тапсырыс беруді жалғастыруды ұсынып отыр.
«Uber жұмысын тоқтатады. Fasten қосымшасын жүктеп, Қазақстанда сапарға тапсырыс беруді жалғастырыңыз», – делінген пайдаланушыларға жіберілген push-хабарламада.
Алайда Fasten-нің іске қосылуы Қазақстан нарығында жаңа тәуелсіз такси операторы пайда болды дегенді білдірмейді. Екі сервис те «Яндекс» бизнесімен байланысты.
Fasten сервисінің Қазақстандағы пайдалану шарттарына сәйкес, оның операторы – Y. Taxi Qazaqstan компаниясы. Бұл компания «Яндекс Go» сервисінің Қазақстандағы операторы ретінде де көрсетілген.
Fasten-нің Қазақстанға арналған пайдалану шарттары 2026 жылғы 30 қыркүйекте күшіне енген. Қосымша қазақстандық App Store дүкенінде «Fasten: Такси и доставка» атауымен қолжетімді.
2018 жылы «Яндекс» пен Uber бірнеше елдегі, соның ішінде Қазақстандағы такси шақыру бизнесін біріктірді. Ол үшін компаниялар MLU B.V. бірлескен кәсіпорнын құрды.
2023 жылғы сәуірде «Яндекс» Uber-дің бірлескен кәсіпорындағы қалған 28,98% үлесін 702,5 млн долларға сатып алды. Осы мәміледен кейін Uber бұл бизнестен толық шығып, «Яндекс» MLU компаниясына толық бақылау орнатты.
2026 жылғы наурызда Fasten сервисінің Ресейде іске қосылғанын хабарланды. Ол кезде жаңа қосымша Uber-дің орнына келетін арзан такси сервисі ретінде таныстырылған.
«Яндекс» өкілдері Ресей нарығында Uber қосымшасы бір жыл ішінде біртіндеп Fasten сервисімен алмастырылатынын мәлімдеген. Алайда бұл тек Ресей нарығына қатысты болған.