Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке жағдай ушыққан жағдайдағы халық пен салаларды қолдаудың қосымша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырды.
«Біз бизнестің де міндеттемесін бақылауымыз керек. Бірінші кезекте, жұмыс орындары мен айлықтың сақталуына назар аударылуы тиіс. Үкімет пен «Атамекен» бизнес міндеттемесінің цифрлық тұрғыда бақылануы бойынша жұмысты 2 айдың ішінде аяқтауы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Сонымен бірге Президент Үкімет пен Ұлттық банкке жағдай ушыққан жағдайдағы халық пен салаларды қолдаудың қосымша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырды.
«Сондай-ақ мемлекеттік қолдау барынша тиімділікке жұмсалуы тиіс. Біз бюджеттік циклда тұрмыз. Қаржылық басымдықтарды айқындайтын мүмкіндік бар. Бастысы – экономика мен жұмыс орындары», - деді ол.
«Карантин мен мұнай бағасының төмендеуі бюджет кірістерінің күрт қысқаруына алып келді. 2020 жылғы бюджет кірісінің шығыны 1,7 трлн теңгеге бағаланып отыр. Қазіргі уақытта бюджет тұрақтылығы Ұлттық қордан трансферттер есебінен қамтамасыз етіліп отыр», - деді Мемлкет басшысы.
Тоқаевтың атап өтуінше, биыл Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт көлемі 4,7 трлн теңгеге дейін ұлғайтылған.
«2021 жылдан бастап Ұлттық қордан алынатын трансферттер тек қана мақсатты сипатта болуы тиіс. Ол әлеуметтік проблемаларды шешу мен инфрақұрылымды дамытуға ғана бағытталуы мүмкін», - деген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ету, ең бірінші, тиімсіз шығындарды қысқартудан басталуы керектігін баса айтты.
«2021 жылға арналған бюджет шығындарын оңтайландыру жұмыстары басталды. Осы мақсатта 1,6 трлн теңгені қысқарту жоспарланып отыр. Қазіргі жағдайда бұл нашар көрсеткіш емес», - деді ҚР Президенті.
«Жоспарлаудың шалалығы, сатып алу құнының тым қымбаттығы, жекелеген іс-шаралардың тиімділігі мен қажеттігі әлі де түйткілді мәселелер бар екенін көрсетіп отыр. Сондықтан қатаң бақылау шараларын енгізуіміз керек. Әйтпесе бос сөзден нәтиже шықпайды», - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет Есеп комитетімен бірлесіп 15 қазанға дейін дағдарыспен күресу үшін бөлінген қаражатты жұмсаудың тиімділігіне талдау жасауы қажет екендігін ескертті.
«Талдау өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар ерекшелігін ескере отырып жасалуы керек. Онда әрбір министр мен әкім бойынша қорытынды тұжырымдар болуға тиіс»,- деп ескертті Мемлекет басшысы.