ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің екінші Жолдауында экономикалық серпінге бастайтын жаңа шараларды ұсынатынын мәлім етті бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
«Бүгін біз пандемия кезінде экономикамызды даму жолына шығаратын маңызды әрі осы кезең үшін шұғыл мәселелерді қарастырдық. Дегенмен, өзімнің екінші Жолдауымда экономикалық серпінге бастайтын жаңа шараларды ұсынатын боламын», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Президент қазіргі дағдарыстың шикізаттық сипатта экономикамызға қауіпті екенін және оның барлық атрибуттары көрсетілген жаңа бағыт керектігін айтты.
Осы орайда Тоқаев Үкімет экономиканы халыққа бұруы керектігін мәлім етті.
«Денсаулық сақтау, білім мен көмірсутегі құрамы аз технологиялар, ғылым мен экология ерекше назарды талап етеді. Басқаша айтқанда, біз экономиканы халыққа бұруымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы ретте қаражат тиімді жұмсалуы керектігін ескертті.
«Күмәнді стратегиялар мен бағдарламаларға қаражат пен күшті бағыттауға қақымыз жоқ. Ұлттық экономиканың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында құрылымдық реформаларды қолға алатын уақыт келді», - деді ол.
Тоқаевтың пікірінше, отандық өндірушілерді қолдау – мемлекеттің дағдарысқа қарсы шараларының негізгі элементі.
«Отандық өндірушілерді қолдау – мемлекеттің дағдарысқа қарсы шараларының негізгі элементі болып саналады. Әр өңірде бұл мәселе әкімнің орынбасарына жеке жүктелуі тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жыл қорытындысы бойынша Үкімет пен Президент Әкімшілігі тұтас облыс пен олардың жұмысына баға беретінін айтты. Жергілікті қамтамасыз ету мәселесі ай сайынғы негізде Экономикалық өсімді қалпына келтіру комиссиясында қаралуы тиіс.
«Індет елді азық-түлікпен қамтамасыз етудің әлсіз тұстарын көрсетіп берді. Пандемия кезінде халықтың табысы азайды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбаттай түсті. Азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттау индексі елдегі инфляция индексінен 1,6 есеге асты», - деп сынға алды Президент.
Жергілікті қамту жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы «жергілікті қамту бар» деген аты үшін ғана жүргізіледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы сын айтты.
«Инфрақұрылымдық мемлекеттік бағдарламалар аясында әкімдер мен министрлер жергілікті қамту үлесін 90 пайызға дейін жеткізу міндеттемесін алған. Жыл сайын бұл мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру көлемі шамамен 2,8 трлн теңгені құрайды. Яғни, біздің экономикамызға 2,5 трлн теңге құйылуы тиіс», - деп атап өтті ҚР Президенті.
Осы орайда Мемлекет басшысы іс жүзінде мұндай жайт көрініс бермей отырғанын сынады.
«Жоспарлаудың, есептілік пен есепке алудың бірыңғай жүйесі жоқ. Мемлекеттік органдар мен бас мердігерлердің қатаң жауапкершілігі де іс жүзінде болмай отыр. Жергілікті қамту жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы аты үшін ғана жүргізіледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сонымен қатар инвестиция тарту мәселесіне де тоқталды.
«Коронавирус пандемиясы ең қызығы жаңа мүмкіндіктерге де жол ашып отыр. Сол себепті ішкі нарықты барынша толтырумен бірге біз бәсекеге қабілетті экспорттық тауарды құрып, ең қысқа уақыттың ішінде оларды нарыққа жеткізу ісін қамтамасыз етуіміз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, шетелден тікелей инвестицияны тарту жұмысын тоқтатпау керек.
«Инвесторлар тұрақты ортаны іздейді. Сол себепті біздің елдің қазіргі мүмкіндіктерін толық пайдалануымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, шағын және орта бизнесті қолдау үшін дағдарысқа қарсы бірқатар теңдессіз шара қабылданды. Дегенмен, өңірлердің басым бөлігінде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері санының қысқаруына жол берілген. ҚР Президентінің дерегінше, мұндай олқылық 8 өңірде орын алған. Ал Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында ШОБ саны қатты қысқарып кеткен.