Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, ағымдағы шот тапшылығы девальвацтяны туындатуы мүмкін.
Молдабекованың мәліметінше, маусым айында нарықта валюталық интервенция болмады. Соған қарамастан сол айда доллар бағамы 411,5 теңгеден 404,7 теңгеге түсті.
"Былтыр төлем балансының дефициті 6,5 млрд доллар болған. Биыл мұнай бағасы 40 доллар айналасында сақталатын болса, онда дефицит 9,9 млрд долларды құрайды. Бұл өз кезегінде теңге бағамына қосымша қысым түсіреді", - дейді Молдабекова.
Алайда, бір айта кетерлігі, биыл бірінші тоқсан қорытындысы бойыша төлем балансында керісінше профицит болған.
Карантин шаралары әлсіреп, сауда қайта қызып, импорт көбейеді. Оған қоса экспорт та артпақ. Бірақ экспортталатын тауарлардың арзандығынан жылдыың екінші жартысында төлем балансының тапшылығын күшейтіп жібермек. Жалпы, сауданың қызуымен шетел валютасына деген сұраныстың артуы. Бұл да ұлттық валютаның бағамын төмендетпек.
Оның үстіне Ресеймен арадағы сауда көлемінің ауқымы теңгені рубльге одан сайын тәуелді етпек. Соңғы кездері Ресейдегі жағдайдан рубль тағы әлсіреуі мүмкін екені туралы хабарлар келіп жатыр. Бұл өз кезегінде теңгені де төмен тартады.
Алайда, Ұлттық банк өкілінің айтуынша, жағдай қиындап кетсе, бас банк интервенция жасауы да ықтимал.
Маусым айында теңгенің нығаю себебі мұнайдың қымбаттауымен қатар Президенттің квазимемлекеттік сектор табысының бір бөлігін нарықта сату туралы бұйрығы болуы да әбден мүмкін. Наурыздың соңынан маусымның соңына дейін ұлттық компаниялар 612 млн доллар сатқаны белгілі. Қазір бұл қаражат сатылып бітті.
Алайда халықаралық резерв көлемі жыл басынан бері 13,5 пайыз өсіп, 32,9 млрд долларға жетті.
Ал Ұлттық банктің валюталық активтері 57,7 млрд долларды құрайды.