Енді қазақстандық компаниялар жұмысқа рұқсатсыз бір ғана шетелдік менеджерді немесе оның орынбасарын жұмысқа ала алады. Бұл ретте заңды тұлғаның жарғылық капиталы 300 мың доллардан кем болмауы керек.
Еңбек министрлігі шетелдіктерді Қазақстанда жұмысқа алу үшін мемлекеттік органдардан рұқсат сұрауды қажет етпейтін тұлғалар тізіміне өзгерістер енгізіп жатыр. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған.
«Уәкілетті органдар заңсыз көші-қон арнасын құру фактілерін анықтады. Бір басшы мен онға дейін орынбасарын тағайындау арқылы ресми түрде жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрған шетелдіктер (көші-қон қаупі бар елдерден) іс жүзінде басқа қызметте жұмысшы ретінде жұмыс істеп келген. Бұл норма мигранттардың Қазақстанда болуын заңдастыру үшін жалған заңды тұлғаларды құруға жағдай жасайды», — делінген қаулы жобасында.
Заңсыз көші-қонды тоқтату үшін Еңбек министрлігі Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат алуды қажет етпейтін «шетелдік бизнесмендердің шеңберін нақтылағысы келеді». Олардың қатарында 100% шетелдік қатысуы бар қазақстандық заңды тұлғалардың бірінші басшылары болады. Бұл ретте заңды тұлғаның жарғылық капиталы 300 мың доллардан кем болмауы керек.
Шетелдік топ-менеджерлердің саны да шектеледі – мемлекеттік органдардың рұқсатынсыз бір ғана менеджер мен бір орынбасар алынады. Бұған дейін заңда ЖШС-і басшылық қызметке қанша шетелдік азаматты қабылдай алатыны көрсетілмеген.