2024 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 350 млрд теңге дивиденд төлеуді жоспарлап отыр, деп хабарлады компания басшысы Асхат Хасенов дүйсенбі күні Мәжілісте өткен үкімет сағатында.
«2022 және 2023 жылдар үшін компания акционерлерге әр жыл үшін сәйкесінше 300 млрд теңге көлемінде рекордтық дивиденд төледі. 2024 жылы 350 млрд теңге көлемінде дивидендтер төлеу жоспарлануда», - деді Хасенов.
«Халықаралық рейтингтік агенттіктер «ҚазМұнайГаз» компаниясына анағұрлым оң баға берді. IPO-дан бері компания акцияларының құны 60% өсті, бір акцияға 8,4 мыңнан 13,4 мың теңгеге дейін, жалпы орналастыру көлемі 153,9 млрд теңгені/18,3 млн акцияны құрады», - деді Хасенов.
Ол сондай-ақ компания «қарыздық міндеттемелерді жүйелі түрде органикалық қысқарту бойынша үнемі жұмыс істеп жатыр» деп сендірді. Мысалы, 2017 жылдан бері «ҚазМұнайГаз» тобының қарызы 13 млрд доллардан 7,9 млрд долларға дейін қысқарды, яғни дивидендтердің өсуі мен қарыздың азаюы компанияның тиімділігін растады, деп атап өтті Хасенов.