Соңғы жылдары Қазақстанда экономиканы монополиядан арылту және нарық институттарын күшейту бойынша белсенді реформалар басталды. Бұл ел экономикасы потенциалының артып, тұрақты ұзақ мерзімді даму үшін платформа құруға мүмкіндік береді. Соның бір шарты – күшті шағын және орта кәсіпкерлік секторы. Оның дамуы үшін кедергілер жүйелі түрде азайтылып, мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде кәсіпкерлік белсенділік өсіп, экономикадағы ШОБ үлесі ұлғаюда. Jusan Bank басшысы Нұрдәулет Айдосов kapital.kz басылымына берген сұхбатында ШОБ-тың экономика драйверіне айналуы үшін қандай қадамдар жасалуы керектігін айтты.
Халықтың көбеюінің бизнеске пайдасы мен зияны
Қазір Jusan Analytics командасы қолданбалы зерттеулерді тұрақты түрде дайындауда. Осы ретте банк басшысы ШОБ бойынша жұмыс нәтижелерімен бөлісіп, кәсіпкерлерге көмектесуге қабілетті үлкен деректерге негізделген инновациялық шешімдерді де атап өтті. Оның айтуынша, жақын жылдарда шағын және орта кәсіпкерлікке маңызды үлкен рөл жүктеледі. Ол – демографиялық үрдістің ауысуынан туындап отырған жұмыс орнына деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру.
Айтуынша, 2012 жылдан бері Қазақстандағы еңбек нарығындағы динамика әжептәуір баяулады. Егер осыған дейін орташа өсім жылына 160 мың жұмыс орнын құраса, кейінгі он жылда көрсеткіш 3 есе қысқарған. Тиісінше алдағы жылдарда еңбек нарығына деген қысым ұлғая береді. 2000 жылдардың ортасынан бері бала туу артқан, ал соңғы бес жылда жыл сайынғы туатын бала саны 400 мыңнан асып келеді.
Жақын арада еңбек нарығына «бэби-бумерлер» келеді және нарықтың негізгі жас тобы (20-25 жас) өсе бастайды. 5 жыл көлемінде 1,3 млн жас адамды жұмыспен қамту қажет болады. 2030 жылға таман – 1,7 млн, 2035 жылға дейін – 2 млн. Бұл өзімен бірге мүмкіндік те, тәуекел де алып келеді.
Банкирдің айтуынша, Қазақстан потенциалды демографиялық дивиденд кезеңіне кіреді және бұл жағдай экономикалық өсім үшін қосымша әлеует болмақ.
Оның сөзінше, Қазақстан әлі мұндай демографиялық жағдайды бастан өткеріп көрген жоқ. Сәйкесінше мұндай ахуал дайындықты қажет етеді. Сондықтан өсіп келе жатқан жастардың қажеттілігі өтелмесе, онда мемлекет ұзақмерзімді жағымсыз жағдайларға ұшырауы ықтимал. Олар: кедейлік, әлеуметтік тұрақсыздық пен талантты жастар эмиграциясының өсуі. Соңғы жағдайлар да жас адамдар үшін жеткілікті жұмыс орнын құра алмаған елдердің әлеуметтік, саяси және экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келе бастайтынын көрсетіп отыр.
ШОБ қанша жұмыспен қамти алады?
Дегенмен ШОБ та жұмыс орындарымен қамту мәселесін түпкілікті шешіп тастай алмайды дейді ол. Оның сөзінше, дамыған елдерде жұмыс орындарын негізінен ШОБ қалыптастырып отыр. Әлемде жаңа жұмыс орындарының жартысынан астамын қызметкер саны 100-ден аз компаниялар құрайды екен. Бұл әсіресе, жұмыспен қамтудың жоғарғы деңгейіне ие елдерде, сонымен қатар ЭЫДҰ-ның алдыңғы қатарлы елдерінде байқалады.
«3-5 жылда ШОБ тек сандық тұрғыда емес, сапалық тұрғыда да нәтижелерге жете бастайды. Бұл кезеңде кәсіпорын нарықтағы өз орнын сақтап қалу кезеңінен өтіп, бәсекеге қабілеттілік өсіміне қарай жол бастайды. Яғни, компания өседі, қызметкерлерінің біліктілігін шыңдауға арналған шығындары көбейеді, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастыру жұмыстарына (ҒЗТҚЖ) инвестиция сала бастайды, соның ізін ала еңбек өнімділігі мен экспорттық потенциал да артады», – дейді Нұрдәулет Айдосов.
«Кәсіпкерлер ғылым мен мамандарға инвестиция салмайды»
«Қазақстандағы ШОБ ахуалы түрлі сыртқы факторларға қарамастан біршама тұрақты және экономикадағы үлесі артып келе жатыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша оның үлесі 36 пайызға жетті. Қазір нарықта 1,8 млн ШОБ субъектісі бар, онда 4,1 млн адам немесе барлық жұмыспен қамтылған халықтың 46 пайызы жұмыс істейді. ШОБ субъектісінің 75 пайызы қызмет көрсету саласында, 50 пайыздан астамы 6 өңірде жұмыс істейді. Олар – республикалық маңызы бар қалаларда және Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстарында», – дейді Нұрдәулет Айдосов.
Алайда кіріс өсімінің номиналды көрсеткіштерінің жоғары болуына қарамастан республиканың бір тұрғынына шаққандағы ШОБ тудырып отырған табыс ЭДЫҰ елдерімен және экономикасы ұқсас елдермен салыстырғанда біршама төмен.
Оның айтуынша, ШОБ-тың экономикада елеулі рөл атқаруына бізде оның ауқымының кең болмауы кедергі келтіріп отыр. Мысалы, ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі төмен. Ал ол дамыған елдерде 50-60 пайызды құрайды.
Сондай-ақ өнімділіктің төмендігі де – бір кедергі. Мәселен, ірі кәсіпорындардағы жұмысшылар еңбегінің өнімділігі ШОБ-қа қарағанда 5 есе жоғары. Салыстырар болсақ, әлемде мұндай айырмашылық орташа алғанда 2 еседен төмен, ал дамыған елдерде – 20-40 пайыз аралығында.
«Бизнес сегменті мен еңбек өнімділігі арасындағы айырмашылық халық ішіндегі теңсіздікке әкеліп соғады. Ірі компанияларда табыс көп, өйткені логистика, технология және қаржы инфрақұрылымдарына деген қолжетімділік бар. Сәйкесінше ондай компанияның қызметкерлері жоғары жалақы алады. Ал ШОБ субъектілері әлі толыққанды күшейіп үлгере алмай жатқандықтан ондағы жалақы да төмен. Себебі қызметкерлеріне және ҒЗТҚЖ-ға тиісті деңгейде инвестиция салынбайды», – дейді ол.
Жаңадан ашылған бизнестің 80%-ы екінші жылы жұмысын тоқтатқан
Нұрдәулет Айдосов басқаратын қаржы институты 2017 жылы құрылған 39 мың шағын ЖШС мен ЖК-ның өмірлік жолын зерттеп көрген. Белгілі болғандай, компаниялардың 8,2 пайызы алғашқы жұмыс істеген жылы ақ жабылған, ал 80 пайызы екінші жылы жұмыстарын тоқтатқан. 5 жылдық қызмет көрсеткішіне тек 18,4 пайыз компания жете алған. АҚШ-та бұл көрсеткіш (5 жылдық меже) 51,9 пайыз екен.
Сонымен бірге, Қазақстанда көлеңкелі экономика салтанат құрып тұр және оның басым бөлігі дәл осы ШОБ саласында, дейді маман.
«Көлеңкелі бизнес көптеген проблема тудырады – сапалы жұмыс орындарын құрмайды, салыстырмалы төмен операциялық шығын есебінен заңды кәсіпкерлерді нарықтан ығыстырады», – дейді банкир.
Шағын және орта бизнесті нақты қалай дамытуға болады?
ШОБ сапалы дамуы үшін ең бірінші кезекте макроэкономикалық түйткілдер шешімін табуы тиіс. Дамудың жоғары деңгейде құбылмалылығы – негізінен шикізатқа сүйенген елдердің проблемасы. Бұдан Қазақстан да тыс қалмайды. Тұрақсыз даму және айырбас курсының ұдайы құбылуы салдарынан ШОБ субъектілері аз өмір сүреді. Соңғы жылдардың тағы бір проблемасы – жоғары инфляция. Соның салдарынан пайыздық ставка және қызмет көрсету құны өсіп жатыр. Сондықтан нақты сектордағы кәсіпорындар ұзақмерзімді банктік қарыздарға қызмет көрсете алмайды. Сөйтіп, айналым капиталын жабу мақсатындағы қысқа мерзімді займдарға деген сұраныс сақталып қала береді.
Екіншіден, квазимемлекеттік сектор және монополия ШОБ еңбек ететін нарық кеңістігін жаулап алды. ЭЫДҰ бағалауы бойынша, отандық квазимемлекеттік секторға ЖІӨ-нің 30-40 пайызы тиесілі. Мемлекеттік кәсіпорындардың экономикаға араласуы ЭЫДҰ және Қытаймен салыстырғанда бізде әлдеқайда жоғары. Сондай-ақ нарықтың біраз кеңістігін монополия еншілеп отыр.
Былтыр біз мемлекет тарапынан жағдайды жақсарту үшін жігерлендіретін қадамдарды көрдік. Мен «ҚазМұнайГаздың» IPO-сын айтып отырмын. Бұл нарықтық шешімдер қабылдауға мемлекеттің ықпалын азайтумен қатар, ірі мемлекеттік корпорация қызметінің ашықтығын арттыруға әкеледі. Үкімет әзірлеген орта мерзімді жекешелендіру жоспары ШОБ үшін қуатты серпін болады.
Үшіншіден, шағын кәсіпорындардың көпшілігінде қаржыға қолжетімділік жоқ, бұл бизнестің тоқырауына және төмен бәсекеге қабілеттілікке әкеледі. Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) есептеуінше, Қазақстандағы ШОБ несие портфелінің потенциалды көлемі 18,4 трлн теңгені құрайды. Ал 2023 жылы ақпанның соңында қарыз көлемі 6,4 трлн теңге болды және бұл потенциалды көлемнің 35 пайызы», – дейді Нұрдәулет Айдосов.
Соңғы мәліметтер бойынша, қазақстандық банктер 17 триллион теңге бос өтімділік жинақтағанымен, шағын және орта бизнеске несие беру өтінімдерін мақұлдау көрсеткіші 40 пайыздан аспайды. Бұл жерде тағы бірнеше маңызды мәселелерді атап өтуге болады:
• өтімді активтердің болмауына байланысты ШОБ банктердің несиені қамтамасыз ету талаптарын қанағаттандыра алмайды. Мысалы, қолайлы кепілі жоқ ШОБ субъектілерінің көпшілігі тұтынушылық несиелеуге ауысады, бұл олар үшін қаржыландырудың онсыз да жоғары құнын арттырады;
• пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру бағдарламасы кең әсер етпейді, тек шағын бизнестің шектеулі санына, негізінен қалалардағы несиелерді арзандатады. Жалпы алғанда, ШОБ субъектілерін субсидиялау бағдарламасы негізінен валюталық және инфляциялық күйзелістерден кейінгі кезеңдерде, нарықтық мөлшерлеме айтарлықтай көтерілген кезде ғана қысқа мерзімге ғана нәтиже бере алады;
• ШОБ субъектілерінің аз ғана санының тексерілетін несие тарихы бар – 30%-дан аспайтыны ресми қаржы секторында бизнесті дамытуға несие алған, сондықтан компаниялардың 70%-да бизнес несиелері жоқ», дейді. Сондай-ақ бұл тенденция қаржыландыруды алу мүмкіндігін де төмендетеді;
• ШОБ субъектілерінің көпшілігі патент бойынша немесе оңайлатылған салық салу режимінде жұмыс істейді және қаржылық есептілік жасамайды. Операциялық қызмет туралы тексерілген қаржылық ақпараттың болмауына байланысты компанияларды қаржы институттары несиелік қабілеті төмен деп қабылдайды.
«Төртіншіден, ақпараттық асимметрия қалыпты бизнесті жоспарлауға кедергі келтіреді. ШОБ, әсіресе шағын бизнес, әдетте шағын тұтынушылық бағыттарда жұмыс істейді және географиялық тұрғыдан ықшам орындарды қамтиды. ШОБ иелерінің нарық әлеуетін өз бетінше бағалауға және нарықтық зерттеулер жүргізуге құзыреттері мен мүмкіндіктері жоқ. Мысалы, белгілі бір қаладағы немесе аймақтағы сұраныс пен ұсынысты қалай түсінуге болады. Клиенттердің сәйкес аудитория ағынының болуын қалай анықтауға болады. Мұндай деректер біздің кәсіпкерлерге жетпейді және олар мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді жіберіп алады, не болжам жасауда қателікке ұрынады», дейді.
Jusan Bank бизнеске көмектесуде қандай жаңалық енгізді?
Елімізде шағын және орта бизнесті дамыту үшін алдымен ақпараттық ауадай қажет деп есептейді қаржыгер. Оның айтуынша, банк кәсіпкерлерге арналған нарықтық талдау платформасын құрды. Мұндай платформаның басты артықшылығы – ресми статистикада жоқ корпоративтік және бөлшек клиенттердің транзакция бойынша барлық деректерге қолжетімділігінің болуы.
Қазақстанда банктер Big Data негізінде ондай ақпараттарды мүлде жария етпейді. Оны тек ішкі мақсаттары үшін ғана пайдаланады. Бірегей пилоттық жоба 2022 жылы іске қосылды. Онда біз транзакция бойынша ақпараттарды аналитикалық мақсатта жариялаймыз және оны жалпы қолжетімділікке шығарамыз. Жобаның потенциалын көріп отырмыз және өзге банктер де бұл процеске қосылса қуанышты болар едік», – дейді банк басшысы.
Н. Айдосовтың айтуынша, бұл елдегі ШОБ секторының қарыштап дамуына елеулі ықпал етеді. Аталған платформаны мына мекен жайдан табуға болады.
«Әзірге еліміздің үш ірі қаласында және бизнестің 10 түрі аясында сауда нүктелерінің тығыздығын, бәсекелестердің, тұтынушылардың және орташа есепшоттың санын көруге болады. Біз қалаларды алтыбұрышты ұяшықтарға бөлдік, онда әрбір ұяшықты шартты түрде жаяу 15 минутта еңсеруге болады. Бұл IT-шешім кәсіпкерлерге белгілі бір бизнесті ашу, есептеулер мен болжам бойынша шешім қабылдауға және нақты орындардың экономикалық белсенділігін түсіну үшін пайдалы. Біз платформаны күн сайын жетілдіреміз және жақын арада көбірек қалалар, кәсіпорындар мен көрсеткіштерді қосамыз. Бұл қазақстандық кәсіпкерлер үшін жақсы ақпараттық-сараптамалық серігі болады деп ойлаймын. Өйткені, кім ақпаратқа ие болса – сол дүниенің де иесі», – деп түйіндеді өз ойын Н. Айдосов.