Қазақстанда риелторлық қызметті реттеу және мамандарға бірыңғай талаптар енгізу жоспарланып отыр. Сауда және интеграция министрлігі депутаттармен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, тиісті шараларды әзірлеуде.
Бастаманың мақсаты – риелторлық қызметтің сапасын арттыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және жылжымайтын мүлік нарығындағы қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету.
Риелторлармен келісімшарт жасау тәртібі өзгереді
Жоспар бойынша, риелторлық қызмет көрсетудің бірыңғай қағидалары енгізіледі. Онда мамандардың жұмыс тәртібі, клиенттермен келісімшарт жасау және қызмет көрсету талаптары белгіленеді.
Атап айтқанда, келісімшартта қызмет құны, комиссия мөлшері мен оны төлеу тәртібі, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілуі тиіс.
Сонымен қатар риелтордың қызметіне тапсырыс бермеген азаматтардан комиссия талап етуге тыйым салу ұсынылып отыр. Яғни клиент риелтордың кімнің мүддесін қорғайтынын және қандай қызмет үшін ақы алатынын алдын ала білуі керек.
Риелторлардың біліктілігі тексерілуі мүмкін
Министрлік риелторлардың кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейтуді де қарастырып жатыр. Қолданыстағы ұлттық стандарт негізінде қызмет көрсету сапасына, кәсіби әдепке, мәмілелерді сүйемелдеуге және клиенттермен жұмыс істеуге қатысты міндетті талаптар енгізілуі мүмкін.
Қазір риелторлардың кәсіби стандарты да әзірленіп жатыр. Ол мамандардың қызметіне қажетті білімін, дағдылары мен біліктілік деңгейін айқындайды.
Бұдан бөлек, риелторлық қызметті өзін-өзі реттеу жүйесін дамыту ұсынылған. Бұл жағдайда кәсіби бірлестіктер өз мүшелеріне ортақ талаптар қойып, олардың жұмысын бақылауға, азаматтардың шағымдарын қарауға және тәртіп бұзған мамандарға шара қолдануға қатыса алады.
Сондай-ақ аккредиттелген ұйымдардың қатысуымен риелторлардың кәсіби біліктілігін растау тетігі әзірленуде.
Риелторлар реттелетін кәсіптер тізіміне енбек
Сауда және интеграция министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, риелторларды реттелетін кәсіптер тізіміне енгізу мәселесін де қарастырады. Бұл олардың кәсіби даярлығына нақты талаптар қоюға және біліктілігін растау тәртібін белгілеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту көзделген. Министрлік депутаттармен бірге азаматтарға қажетсіз қызметтерді мәжбүрлеп ұсынуға, тиімсіз келісімшарт талаптарын енгізуге және негізсіз комиссия алуға қарсы қосымша заңнамалық шараларды талқылап жатыр.
Ұсыныстар іске асса, Қазақстандағы риелторлық қызметтің бірыңғай ережелері қалыптасып, азаматтар мамандардың біліктілігі мен жауапкершілігі туралы көбірек ақпарат ала алады.