ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары сәрсенбі, 14 маусымда «Заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару туралы» заңды қабылдады.

Заңның негізгі мақсаты – «заңсыз алынған және алып қойылған мүлікті іздеуге, шығу тегін растауға және сақталуын, басқаруын, өткізуін және мемлекетке қайтарылуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу».

Құжат, атап айтқанда, заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган құруды, сондай-ақ қайтарылған активтерді жинақтау және әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін арнайы мемлекеттік қор мен басқарушы компанияны құруды көздейді. Ондағы мақсат Қазақстан халқының әл-ауқатын көтеру.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің қорытындысында атап өтілгендей, соңғы 25 жылда активтер Қазақстаннан заңға қайшы түрде заңсыз алынып, әкетілген.

«Осылайша, әртүрлі сарапшылардың есептеулері бойынша мемлекет қаржысын жымқыру, сыбайлас жемқорлық, жымқыру және салық төлеуден жалтару нәтижесінде шамамен 140-160 млрд доллар шетелге шығарылды», – делінген қорытындыда.

Мәжіліс мақұлдаған соң заң парламенттің жоғарғы палатасы – Сенаттың қарауына жіберіледі.

2022 жылдың маусымында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарының шетелде заңсыз алып кеткен қаражатын қайтаратын ведомствоаралық комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды. Комиссия жұмысы барысында 760 млрд теңгеден астам сомадағы мұндай мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды.