Қазақстан шетел инвесторларының қаржысын жинақтайтын хабқа айналуға толық мүмкіндігі бар, Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов осылай деді.
Оның сөзінше, дәл қазіргі геосаяси ахуалды пайдаланып, ел экономикасын жақсарту үшін қалталылардың қаражатын тартатын уақыт. Қызығушылық танытып отырғандар да аз емес. Бір ғана мысал қазір ресейлік инвесторлар өздерінің шетел валюталарын сақтайтын жер қарастырып жатыр. Егер олар Қазақстанның қаржы жүйесіне кіретін болса, онда ұзақ уақытқа тұрақтайды-мыс.
Турловтың сөзіне сенсек, қазақстандық банк өнімдеріне тек солтүстіктегі емес, сонымен қатар, шығыстағы көршілеріміз де қызығып отырған көрінеді. Демек, қытайлықтар да біздің ел ақша құюды көздеп отыр. Оған себеп, капитал шотының ашық болуы және несие рейтингінің жоғары болуы.
«Егер Қазақстанға капитал көптеп келетін болса, ол дегеніміз біздің елдің қаржы жүйесін қуаттайды және арзан қаржыландыру нарығына жол ашады. Атап айтқанда, ол елге Ресейден бірнеше миллиард доллар қолма-қол ақша мен жинақ шоттары түседі деп күтемін», деді Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Инвесторлар дәл қазіргі геосаяси жағдайға байланысты Ресей мен Украинаның қаржы жүйесіне кіруге қауқарсыз. Ал, Түркия ФАТФ-тың сұр тізімінде. Бұл ретте ФАТФ-тың ақ тізімінде тұрған Қазақстан ең қолайлы алаң.
«Біз орыстар үшін Швейцарияға айналып бара жатырмыз деуге болады. Біздің нарық тұтастай алғанда капиталдың ағынын бастан кешіреді. Бізге Ресейден тағы бірнеше миллиард доллар түсетіні сөзсіз, соның ішінде қарапайым жинақтаушылардың ақшасы да бар. Және ол американдық корреспондент-банктер арқылы өтеді», деді Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов.
Тимур Турлов журналисттермен өткен кездесуде қазақстандықтар үшін маңызды мәселенің бірі – баспанаға да тоқталды. Оның сөзінше, тұрғын үй бағасы өзге елдермен салыстырғанда бізде шамалас. Алайда, ипотекамен беріліп жатқан үйлер елдің қалтасын қағып жатыр. Өйткені, негізгі қарыздан гөрі жылдық пайыздық мөлшерлемені төлеу қазір, қиямет қайым.
Оның айтуынша, баспана бағасын реттеуге болады. Ол үшін құрылыс компанияларына жағдай жасау керек. Яғни, жергілікті билік өкілдері инжинерлік инфрақұрылым реттеп берсе. Құрылыс компаниялары үшін үй салу бас ауыртпай, жаппай жаңа үйлер бой көтерсе бәсеке басталады. Сұраныстан гөрі, ұсыныс көп баолған жағдайда ғана баға өзі реттеледі деген ойда Тимур Турлов. Сонымен қатар, мемлекеттік жеңілдетілген ипотеканы да тоқтатпау керек.