Тұрақты дамусыз құрылыс саласына бюджет қаражатын құю ұзақ мерзімді стратегияға жатпайды, деді индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

«Ұзақ мерзімді өсу стратегиясы – біз ең алдымен тепе-теңдікке қол жеткізуіміз керек. Ал бұл жағдайда не болғанын өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы 2,5-3 жылда мемлекеттік бағдарламалар мен зейнетақы жинақтары арқылы құрылысқа қыруар қаржы бөлінді. Тиісінше, қаражат ағыны азайған кезде, әрине, нарықта біршама баяулау күтілуде», – деді ол.

Қанат Шарлапаев бүгінге дейін болған жеңілдікті тұрғын үй бағдарламаларын Ұлттық банк басқаратынын атап өтті. Реттеуші 7-20-25 сияқты ипотекалық несиелендіру және тұрғын үй бағдарламаларын дамыту бағдарламалары бойынша шешімдер қабылдайды.

«Тұрғын үй нарығын дамыту туралы айтатын болсақ, индустрия және құрылыс министрлігі тұрғын үй сапасын арттыру стандарттарымен, кешенді даму стандарттарымен айналысады. Ал тұрақты өсімі жоқ салаға ақша құю, меніңше, ұзақ мерзімді стратегия емес. Сондықтан біз енді салаға ақша құюды жалғастырмай, ұзақ мерзімді тұрақты өсудің стратегияларын қарастыруымыз керек», – деді Қанат Шарлапаев.

Оның айтуынша, министрлік ірі және орта құрылыс салушылармен тұрақты түрде кеңесіп, құрылыс саласын жалғастыру үшін түрлі стратегияларды табуға тырысады.

«Жағдай өте күрделі. Инфрақұрылымдық жағынан да, сұраныс жағынан да шектеулер бар. Және осыған байланысты құрылыс қарқынының біршама бәсеңдеуін күтеміз», – деп түсіндірді өнеркәсіп министрі.