«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға қарасты «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның 2022 жылдың 10 желтоқсанына дейін IPO-ға шығатыны хабарланған еді. Сонымен қатар, Naryk.kz бұған дейін IPO-ға шыққан ұлттық компаниялардың өз акционерлеріне қаншалықты табыс әкелгенін жан-жақты талдаған болатын.

Осы орайда, ҚазМұнайГаздың акцияларын сатып алғысы келетін әлеуетті инвесторларға бұл IPO-ның артықшылықтарымен қатар тәуекелдерін және ескеретін бірқатар мәселелерді айта кетуді жөн көрдік.

ҚазМұнайГаз акциясын не үшін сатып алу керек?

Ұлттық мұнай-ғаз компаниясы көптен бері IPO-ға шығуы күтілген компания десек артық айтпаймыз. Себебі мұнай-газ саласы шикізаттық дағдарыс кезінде болмаса, әдетте табысты сала. Онымен қоса, ҚазМұнайГаз отандық мұнай өндірісінде ең жетекші компаниялардың бірі. Ендеше, компания акциялары әлеуетті инвесторларға несімен қызық деген сұраққа жауап берсек.

Біріншіден, әдетте компания акциялары IPO кезінде айтарлықтай жеңілдікпен сатылады. Бұл әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Ондағы мақсат – инвесторларды барынша көп тарту, тиісінше сұранысты көбейту.

«ҚазМұнайГаз IPO-сы өте сәтті болуы тиіс, өйткені ол «Самұрық-Қазына» портфеліндегі ұлттық компаниялар ішіндегі ең маңыздысы. Оған қоса, компания көпшілік халық арасында танымал және жұмысы түсінікті. Компанияның танымалдығы да үлкен маңызға ие. Алайда көп нәрсе акцияның алғаш нарыққа қандай бағамен сатылатынына байланысты. Менің ойымша, өзінің әділ бағасынан арзанға сатылады. Тиісінше акция бағасы кейін өсетін болады», дейді Freedom Finance Global аналитигі Данияр Оразбаев.

Акциялары қор нарығына шыққан компанияның жұмысы көпшілікке ашық болады. Бұл да инвесторлар үшін тағы бір тартымды тұсы. Компанияның тоқсандық, жылдық есептері жарияланып, қанша кіріс, қанша шығын болғаны, қарызы мен активтерінің көлемі туралы толық ақпарат беріледі.

Акцияны кімдер сатып ала алады?

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акциялары ең алдымен барша қазақстандықтар үшін сатылғалы отыр. Қор нарығына қаржы салу кәсіби инвесторлар мен кәсіпкерлерге ғана емес, бірінші кезекте, көпшілік халық үшін инвестиция құралы екенін білеміз. Олай болса, IPO-ға бюджет қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, жалдамалы жұмысшылар секілді көпшілік халық қатыса алады. Олардың Қазақстанның кез келген өңірінен, ірі мегаполистерден бастап шағын ауылдардан да болуы мүмкін. Бірі жұмысқа енді орналасқан кешегі университет түлегі болса, енді бірі зейнеткер де болуы ықтимал.


Қандай брокерді таңдаған жөн?

Компания акциясын алу үшін сіз брокердің қызметіне жүгінесіз. Өзіңізге қажетті брокерді KASE немесе Astana Intarnational Exchange биржаларынан таба аласыз.

Осы орайда, дұрыс брокер табу үшін мыналарды ескеруіңіз бірқатар мәседе бар.

Біріншіден, ресми тіркеуден бөлек мына сипаттарына да мән беріңіз:

  • Халықаралық рейтингтік агенттіктердің берген бағасы; 
  • Меншікті капиталының көптігі;
  • Айналымда жеткілікті қаражатының болуы;
  • Табысының жоғары болуы (өйткені өзі табыс таба алмаған брокер инвесторларға да табыс тауып жарытпайтыны түсінікті). 

Екіншіден, алаяқтар мен қаржы пирамидаларына ұрынып қалмау қажет. Жалған брокерлердің әдетте сипаттары мынадай:

  • Лицензиясы жоқ немесе көрсетуден бас тартады;
  •  Нақты келісімшарт жасаспайды;
  • Лицензиясы бар брокерлерге қарағанда жоғары табыс уәде етеді;
  • Табыс табатыныңызға кепілдік береді;
  • Тәуекелдердің бар екенін айтпайды;
  •  Табыс көзін көрсетпейді.

Қандай шығындар бар?

Әрине, брокердің қызметі тегін емес. KASE мен AIX биржаларындағы брокерлердің комиссиялары шамамен төмендегідей:


Яғни, 100 000 теңгеге акция сатып алсаңыз, сіздің төлейтін комиссияға шығыныңыз бар болғаны 264 теңге болады.

Биржаның өз тәуекелдері де бар

Есте сақтау керек нәрсе – жоғарыда аталған ешбір брокер, ҚазМұнайГаздың өзі, Самұрық-Қазына, ешбірі сізге табыс табатыныңызға кепілдік бермейді. Салған инвестицияңызға өзіңіз ғана тәуекел етіп, өзіңіз ғана жауапкершілік аласыз. Осы орайда, акция сатып ала отырып, өзіндік тәуекелдерді де есте сақтаған жөн.

Сыртқы факторлар – кез келген компания нарықтың басқа да ойыншыларына немесе құбылыстарына тікелей немесе тәуелді болады.

Заңнама мен әкімшілік шешімдер – салықтың көтерілуі, әкімшілік реттеулер, үкімет тарапынан басқа да түрлі міндеттемелер компанияның бизнесіне тікелей әсер етеді.

Қоғамдық пікір мен әлеуметтік жауапкершілік – мұнай саласындағы компаниялардың экологиялық бастамаларды қолдауы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағытындағы бастамалар компанияның қаржылық көрсеткіштеріне әсер етпей қоймайды.  Сонымен қатар, ең бастысы, қандай жағдай болмасын, дивиденд төлеуге ешқашан кепілдік берілмейді. Компания табысты болғанның өзінде қаражатты бизнесті ары қарай дамытуға немесе басқа мақсаттарға жұмсау туралы шешім шығарылуы мүмкін.

Қорыта айтқанда, «ҚазМұнайГаз» компаниясының IPO-ға шығуы нарықта көптен күтілген оқиға. Мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтып, керісінше азаматтардың ұлттық байлықтан үлес алуы үшін бұл үлкен мүмкіндік. Жоғарыда айтылғандай, компанияның акциясын кез келген адам ала алады. Дегенмен, инвестицияның негізгі қағидаттарды да ұмытпау керек. Яғни, жауапкершілік пен тәуекелді инвестор өзі ала отырып, нарықта өзіндік орны бар беделді брокерлерге жүгінгені жөн.