Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Сауд Арабиясы Корольдігінің Инвестициялар министрі Халид Әл-Фалихпен кездесті, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі.
Естеріңізге сала кетейік, биыл тамыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман телефон арқылы сөйлескен еді.
Сол кезде ҚР Сауда және интеграция министрі айтып өткендей, «Біздің көшбасшылар екі жақты ынтымақтастықтың көптеген мәселелері бойынша, әсіресе сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті».
Осыған байланысты, Сауда және интеграция министрі жылдар бойы өткізілмеген Үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысы мен Қазақстан-Сауд Бизнес-форумының рөлін және екі жақты ынтымақтастықтың ықтимал спектрін жандандыруға және кеңейтуге көмектесетінін атап өтті.
«Қазақстан мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, тау-кен металлургия кешені, жаңартылатын энергия көздері, туризм салаларындағы жобаларға Сауд Арабиясынан ірі компанияларды тартуға мүдделі», - деді Бақыт Сұлтанов.
Әңгіме барысында ол Қазақстанда инвестициялық саясат түбегейлі өзгергенін айтып, өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегін қарастыруды ұсынды.
Бақыт Сұлтанов Халид әл-Фатихтан саудтық компанияларды Қазақстан экономикасының кез келген секторларында инвестициялық жобаларды іске асыруға тартуға жәрдем көрсетуді сұрады.
Осылайша, Қазақстан қызықты жобалар ұсынылған «SABIC», «SALIC», «Al Marai» және «SPIMACO» сияқты ірі Сауд Арабиясының компанияларымен ынтымақтастыққа мүдделі.
Қазақстандық тарап, оның ішінде ел басшылығы деңгейінде Сауд Арабиясының компанияларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
Осыған байланысты, Бақыт Сұлтанов серіктес тарапты Сауд Арабиясының инвесторлары үшін бірқатар қосымша жеңілдіктер мен преференцияларды көздейтін Инвестициялық келісім жобасын әзірлеу туралы хабардар етті.
Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын жүзеге асыру кезінде карантиндік фитосанитариялық талаптармен алмасуды жүзеге асыруға және өсімдіктер карантині саласында ынтымақтасуға уағдаласты.
Сондай-ақ Сауд Арабиясы нарығына қазақстандық мал шаруашылығы мен құс шаруашылығы өнімдерін экспорттау үшін САК (Saudi Food and Drug Authority) азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмектер басқармасы тарапынан Қазақстанның барлық рұқсат құжаттарын алуын жеделдету үшін күш-жігер жұмсау қажет.
Ынтымақтастықтың ірі бағыты «жасыл экономика» бағыты болуы мүмкін. Эр-Рияд бірлескен жобаларды іске асыру, технологиялармен алмасу, кадрлар даярлау үшін әлеует бар екенін атап өтті. Тараптар күн, сутегі энергетикасы және бейбіт атомды қоса алғанда, баламалы және жаңартылатын энергетика саласындағы ынтымақтастық жолдарын талқылауға келісті.
Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігінің өзара саудасы үштен бірге артып, шамамен дағдарысқа дейінгі көлемдерге жетті. Мәселен, 2019 жылы тауар айналымы 8,6 млн.АҚШ долл., 2020 жылы-4,2 млн.АҚШ долларын құрады.
2021 жылғы қаңтар-шілдеде өзара сауда 4,0 млн.АҚШ долл.құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 36,5%-ға жоғары (3,0 млн. АҚШ долл.).
Бұл ретте, Қазақстаннан Сауд Арабиясына экспорт 2021 жылғы қаңтар-шілдеде 2,3 есеге өсіп, 1,6 млн. АҚШ долл. құрады. (2019 жылдың қорытындысы бойынша ол 3,1 млн.АҚШ долл., 2020 жылдың қорытындысы бойынша – 1,4 млн.АҚШ долл. құрады)
Қазақстан САК нарығына ферроқорытпаларды, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін (ерлер, әйелдер және балалар тоқыма және трикотаж киімдері), құбыржолдарға арналған арматураны, қара металдардан жасалған бұйымдарды, геодезиялық және топографиялық аспаптар мен құралдарды және т.б. жеткізеді, Қазақстанға импорт сұйықтықтарды немесе ұнтақтарды шашуға немесе тозаңдатуға арналған механикалық құрылғылардан, жаңа піскен және кептірілген жемістерден (құрма, інжір, ананас, авокадо, гуайява, манго), дәрілік заттардан, этилен полимерлерінен және т.б. тұрады.