Қазақстандық «Зенит» зауыты түрік қорғаныс компаниясы ASFAT және YDA Group компаниясымен Қазақстанның әскери-теңіз күштері үшін әскери кемелер жасау туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Defence Turk басылымы хабарлайды. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Ресейден, АҚШ-тан, Оңтүстік Кореядан және Германиядан кемелер сатып алған.
Қазақстандық «Зенит» Орал зауыты АҚ мемлекеттік компаниясы Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігінің еншілес компаниялары ASFAT және YDA Group-пен Қазақстанның әскери-теңіз күштері үшін кемелер жасау туралы келісімге қол қойды. Келісімге Ыстамбұлда өткен IDEF-2023 халықаралық қорғаныс өнеркәсібі көрмесінде қол қойылды.
Келісім Қазақстан флотына арналған теңіз көліктері мен коммерциялық кемелерден бастап әскери кемелерге дейін әртүрлі платформаларды жобалау мен салуды қамтиды. Келісімшарттың қанша уақытқа жасалғаны хабарланбайды.
«Зенит Орал зауыты» АҚ 1941 жылы Ленинградтан эвакуацияланған «Двигатель» зауытының негізінде құрылған. Соғыс кезінде зауыт арнайы теңіз қаруларын шығарды. Жеңіске қосқан үлесі үшін 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталғаны атап өтіледі. «Зенит» Қазақстанның әскери-теңіз күштері үшін кемелерді, патрульдік катерлерді, әскери кемелерді, шекаралық кемелер мен катерлерді жобалайды және шығарады. Компания сонымен қатар мұнай өндірушілерге және азаматтық нарыққа арналған өнімдерді шығарады.
ASFAT түрік компаниясы түрік мемлекетіне тиесілі және әскери техниканы өндіру, жаңғырту, жөндеу және техникалық қызмет көрсетумен айналысады. Компанияда 27 әскери зауыт және 3 теңіз кеме жасау зауыты бар.
Түрік YDA тобы 1954 жылы құрылған. Осы жылдар ішінде ол Түркияда аурухана кешендерін, өндірістік ғимараттарды, жолдарды, көпірлерді, көлік айырықшаларын, сондай-ақ көпқабатты үйлерді салды. Компанияның сайтында 2000 жылдардан бастап Қазақстан, Украина, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Сауд Арабиясы, Ауғанстан және Молдовамен жұмыс істегені айтылған.