2021 жылы 15 қыркүйекте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат АЙДАПКЕЛОВ халық санағының аралық қорытындылары және өзекті мәселелері туралы баяндады.
Денсаулық туралы сұрақтар
Тұрмыс-тіршіліктің шектеулері жайлы сауалдар мемлекеттік органдарға мүмкіндігі шектеулі жандар мен өмір сүруінде үлкен қиындықтары бар, бірақ медициналық мекемелерге жүгінбеген адамдардың саны туралы неғұрлым толық деректер береді. Бұл туралы брифингте Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді.
«Тұрмыс-тіршіліктің шектеулері деген тармақтағы сауалдар қызу талқыланды. Неліктен көру, есту, жүру және есте сақтау көрсеткіштері енгізілді? Айта кетейік, бұл сұрақ алдыңғы санақта да қойылған. Бірақ басқа формада берілді. 2009 жылғы халық санағының "Сіз жүру, есту, көру және сөйлеу қиындықтарын сезінесіз бе?" деген жалпылама сұрағы қиындық түрлері бойынша қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік бермеді", - деп түсіндірді Айдапкелов.
2021 жылғы санақ парағына енгізілген тұрмыс-тіршіліктің шектеулері сұрақтарын мүгедектік статистика жөніндегі Вашингтон тобы ұсынған болатын. Бұл бөлімде 5 сұрақ бар, мұнда тұрғындарға денсаулығына байланысты белгілі бір әрекеттерді орындау кезінде күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарды бағалау ұсынылады.
"Халық санағының қорытындысы бойынша мүгедектер мен өмір сүруінде үлкен қиындықтар мен шектеулері бар, бірақ медициналық мекемелерге жүгінбеген және сондықтан ағымдағы статистикада көрсетілмеген адамдардың саны туралы деректер алынады. Сонымен қатар, нәтижелер ұлттық бағдарламалар мен мүгедектердің құқықтары жөніндегі Конвенция шеңберінде одан әрі зерттеулер жүргізу үшін іріктеулер қалыптастыруға мүмкіндік береді",- деп атап өтті Бюро басшысы.
Табыс көлемін анықтау әлеуметтік саясатты жүгізуге көмектеседі
"Халық санағы аясында халықты жұмыспен қамту туралы мәліметтерді жинақтау адамдар мен үй шаруашылықтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалау, сондай-ақ жұмыс орындарын ашуға, жұмысқа орналасуға, жұмыссыздыққа байланысты көптеген экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша саясат пен бағдарламаларды жоспарлау үшін өте маңызды", - деді ол.
Бюро басшысы аралық санақ кезеңінде мұндай деректердің халықты жұмыспен қамту бойынша үй шаруашылықтарын іріктеп тексеру қорытындылары бойынша алынатынын түсіндірді. Бұл ретте іріктеу мөлшері 4,8% – ды (234 000 үй шаруашылығы) құрайды, бұл деректерді тоқсан сайын – облыстар бойынша және жылына бір рет аудандар бойынша алуға мүмкіндік береді.
"Халық санағы аясында халықтың өмір сүру көздері туралы мәліметтер жинау жұмыс күші мен жұмыспен қамту мәртебесінің көрсеткіштерін толықтыратын маңызды тұжырымдама болып табылады. Бұл отбасының әл-ауқатының, кедейлік деңгейінің сипаттамасы", - деді Айдапкелов.
Аралық кезеңде деректер үй шаруашылықтарының өмір сүру деңгейі бойынша іріктемелі зерттеу қорытындылары, сондай-ақ әкімшілік дереккөздер мен кәсіпорындардың есептілігі бойынша алынады деп нақтылады ол. Бүгінгі таңда мұндай іріктеменің мөлшері 0,5% (12 000 үй шаруашылығы) құрайды, бұл облыстар бойынша отбасылардың табыстары тоқсан сайынғы және жылдық негізде репрезентативтік деректерді алуға мүмкіндік береді.
2021 жылғы санақ парағының "Өмір сүру құралдарының көздері" бөлімінде 1 негізгі және 2 көмекші сұрақ бар. Бөлімнің сұрақтарына 14 жастан асқан тұрғындар жауап береді (Еңбек кодексінде белгіленген жасқа сәйкес).
"Заңнамаға сәйкес анықталған өмір сүруге қажет табыс көздерінің барлық негізгі көздері енгізілді. Табыс мөлшері туралы мәселеде деректердің респонденттермен төмендетілуі мүмкін екенін түсіну керек. Халық санағының қорытындысы бойынша халықтың өмір сүру көздерінің түрлері, жынысы, жасы, өңірлері (аумақтық дезагрегацияның барлық деңгейлерін қоса алғанда) туралы деректер алынатын болады. Сондай-ақ, табыс мөлшері туралы деректер, және COVID-19 пандемиясының табыс деңгейіне қалай әсер еткені туралы ақпарат қалыптастырылады", - деп түсіндірді Бюро басшысы.
Не бала туғысы келетінімізді не үшін сұрайды?
«Тірі туылған балалардың саны туралы сұрақ, бала туу туралы маңызды деректерді қамтамасыз етеді, оларды кей жағдайда қандай да бір басқа көздерден, оның ішінде азаматтық хал актілерін тіркеудің толық дамыған жүйесінің өзінен алу мүмкін емес. Бұл сұраққа берілген жауаптар бала туу туралы неғұрлым толық ақпаратты ашады, ал санақтан өту сәтіндегі бар балалары туралы сұрақ, нәресте мен бала өлімі туралы маңызды ақпарат береді» - деп жауап берді Н.Айдапкелов, мұндай сұрақтың жалпыұлттық халық санағына не үшін қосылғанын түсіндіріп.
Естеріңізге сала кетейік, көптеген қазақстандықтарды «Неше бала дүниеге әкелдіңіз, оның ішінде тірісі» деген сұрақ таң қалдырды.
«Әйелдерге 1999 және 2009 жылғы халық санақтарында да балаларының саны, оның ішінде тірі туылғандары және олардың қаншасы тірі деген сұрақтар қойылған болатын», - деп түсіндіріп өтті Айдапкелов.
Оның айтуынша, 2021 жылы балалар туралы сұрақтар туылған балалардың жынысы мен туған күні бойынша "ары қарай нәрестелер мен балалар өлімінің ұлдар мен қыздар арасындағы айырмашылығын жанама түрде талдау және есептеу үшін осы сұрақтарға жауап нәтижелерінің жарамдылығын арттыру үшін" қосымша сұрақтармен кеңейтілді.
«Бұл сұрақтарға жауаптар бала тууды бағалауды есептеу және үлкен жастағылардың бала туғызу мен бала туу қабілетінің таусылу деңгейін бағалау үшін бала туу туралы маңызды ақпарат береді. Бұл нәтижелер бала туудағы өзгеріс тенденциясын бағалау үшін негіз болады. Халық санағының нәтижесі бойынша туылған балалардың жынысы бойынша саны, туылған кездегі жыныстардың арасалмағы, когорттық бала туу, туу күнтізбесі туралы деректер алынады», деп атап өтті Бюро басшысы.
Елдегі жалпы үй қоры туралы нақты ақпарат керек
«Адамдар тұрғын үй жағдайы туралы сұрақ не үшін қажет деп сұрауда. Оның ішінде үйдің қабырғалары неден тұрғызылған деген және осындай басқа да сұрақтар бар. Жалпы, БҰҰ-мен жарияланған раундтың «Халық және тұрғын үй қоры санағы» деп аталатындығынан бастайық. Аталмыш санақтың аясында нақты елді-мекен, аудан, облыстың, жалпы елдің тұрғын үй қорына ары қарай сараптама жүргізу үшін толыққанды ақпарат алу көзделіп отыр», - деп мәлімдеді ол.
Бұл ретте, Бюро басшысы мұндай сұрақтардың алдыңғы халық санақтары кезінде де қойылғанын еске салды. Бұл сұрақтарға жауап алу көрсеткішті өзгерту бойынша динамикалық қатар құруға мүмкіндік береді.
Ол сондай-ақ, 2021 жылдың санақ парақтарын әзірлеуге 2009 жылғы санақ сауалнамаларының негіз болғанын атап өтті. Бұдан басқа, 2020 жылғы халық және тұрғын үй қоры санағын өткізу бойынша статистика саласында маманданған мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың (Еуропалық статистиктер конференциясы, Вашингтон тобы және т.б.) ұсыныстары ескерілген.
"2021 жылғы халық санағының қорытындысы "Тұрғын үй қорының статистикалық тізілімі" АЖ-гі мәліметтердің өзектілігі мен дұрыстығын талдауға мүмкіндік береді. Яғни, тұрғын үй нысандары және оларда тұру жағдайлары, "Жылжымайтын мүлік тіркелімі" МДҚ-да тіркелмеген нысандар, бос немесе иесіз үйлер, физикалық тұрғыда істен шыққан, бірақ заңды тіркеу мәліметтері бар үйлер анықталады. Пайдаланушылардың тарапынан болған мүдделілік пен мәселенің өзектілігін ескере отырып, сондай-ақ, әкімшілік дереккөздерде ақпараттың болмауы себепті, тұрғын үйді жаңғыртылатын энергия көздері есебінен жылыту бойынша да сұрақтар қосылды", - деп түсіндіріп өтті Айдапкелов.
Жеке мәліметтеріміз қалай қорғалады?
"Ақпаратты қорғау үшін ҚР стандартына сәйкес ақпаратты криптографиялық қорғау құралдары қолданылады. Криптографиялық басқару құралдары ақпаратты шифрлау және сақталатын, сондай-ақ берілетін маңызды ақпаратты қорғау үшін пайдаланылады", - деп атап өтті ол.
Sanag.gov.kz cайтыy қорғау үшін Sectigo SSL сертификаты сатып алынды, онда пайдаланушы мен сервер арасында деректер алмасу қорғалған https хаттамасы бойынша жүреді деп түсіндірді Айдапкелов.
«Ұлттық статистика бюросының барлық ақпараттық жүйесі ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері тізіміне енгізілген және ҚР ҰҚК "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ мониторингінде. Сондай-ақ, ақпараттандыру саласындағы заңнама талаптарына сәйкес ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізілді және оң нәтиже алынды", - деп нақтылады ол.
Бұдан басқа, "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ санақ бойынша sanaq.gov.kz ақпараттық ресурстың қол жетімділігіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді және хакерлік шабуылдардың алдын алуды қамтамасыз етеді.
"Алғашқы статистикалық деректердің сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету ҚР заңнамасымен реттелетін процестер шеңберінде заманауи техникалық құралдарды пайдалану арқылы және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен ынтымақтастықта жүзеге асырылады", - деп қорытындылады Айдапкелов.