Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады.
Жеңіс Қасымбек елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде мәлімет берді:
- барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатынын айтты. Былтыр тартылған инвестиция көлемі 1,6 триллион теңгені құраған;
- өңдеу өнеркәсібі, білім, медицина, логистика, көлік және басқа да салаларда іске асырылған жобалардың нәтижесінде 1,8 мың жұмыс орны ашылған;
- өткен жылы JOLTAP жобасы аясында 6 мыңға жуық азамат жұмысқа орналасқан. Ал биыл жұмыспен қамтылатын азаматтардың санын 2 есе ұлғайту, яғни 12 мың адамнан асыру жоспарланып отыр. Жалпы 2024 жылы 58 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген;
- былтыр күзде «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясын, «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезегін және үшінші ЖЭО-ны іске қосу нәтижесінде жылу қала бойынша ұзақ уақыттан бері алғаш рет артығымен беріліп жатыр. Елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін бұл нысандардың қуаты – сағатына 1140 гигакалория;
- биыл «Тельман» газ жылу станциясының бірінші кезегі және «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезегі, үшінші ЖЭО-ның көмірмен жылытылатын бөлігінің іске қосылатыны туралы мәлімет берді. Бұл нысандар қаланы қосымша 600 Гкал/сағат жылу қуатымен қамтамасыз етеді;
- әлеуметтік нысандардың құрылысы, апатты жағдайдағы ескі үйлерді сүру, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды салып бітіру, тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары туралы айтты.