Өзіміздің автокөлік брендімізді шығаруымыз мүмкін — Смағұлов

Astana Group басшысы локализацияны көтеру үшін технологиялық серіктестер мен инвестиция керектігін атап өтті

Автор: Жания Әбдібек

Қазақстандық көліктердің жергілікті құрамы орташа алғанда 30%-дың төңірегінде. Бірақ әр зауытты жеке қарастырған жөн. Мәселен, Astana Group құрамында зауыттарда қазір жергілікті бөлшектер 10%-ға жуықтап қалды.  Компания басшылығы бұл көрсеткішті жыл сайын біртіндеп көтеруді көздеп отыр. Бұл туралы Нұрлан Смағұлов Naryk.kz тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

«Біздің мақсатымыз — қазақстандық көліктердің локализациясын 51%-ға дейін жеткізу. Біз Үкіметтің  автоөндірушілерге қойылатын талапты  күшейтуі  дұрыс деген пікірдеміз. Осылайша біртіндеп үлкен бөлшектерді құрастырудан ұсақ бөлшектерді құрастыруға өтуіміз керек. Биылғы талап 20%. Келесі жылы 30%-ға көтеріледі. Біз шанақтарды бояуды қосып жатырмыз. Осылайша Қазақстандағы автокөлік құрастыруды «фейк» деген сөзден арылтқымыз келеді», — дейді Н.Смағұлов.

Astana Group Алматының индустриалды аймағында локализация мақсатында 2 жобаны іске қоспақшы. Жақын күндері мультимедиалық жүйенің компоненттерін шығаратын зауыт ашады. Жыл соңына дейін автоорындықтар шығара бастайды. Astana Motors СЕО-сы Бекнұр Несіпбаевтың сөзінше, жаңа өндіріс көлік бағасына әсер етеді.


«Негізінен баға логистикалық желілердің жұмысына байланысты. Бір контейнермен көбірек детальді импорттаудың экономикалық әсері жоғары болмақ. Ал, жергілікті өндіріске келсек, орындықтарды өзіміз өндіргенде  көліктің бағасын 82 долларға арзанырақ болады.  Мульимедиалық жүйені өзімізден шығару бағаны 100 долларға төмендетеді», — дейді Несіпбаев.

Десе де, локализацияны дамыту ұзақ мерзімді және күш-жігерді қажет етеді. Көлік мыңдаған бөлшектен тұрады, сәйкесінше бөлшек шығаратын зауыт көп болуы тиіс. Оның үстіне, көлік модельдері жиі өзгеріп тұрады. Сол себепті локализацияны тереңдету оңай емес. Бұл бағытта отандық автоөндіріс кәріс, ресейлік  және қытайлық компаниялармен бірігіп жұмыс істей алады. Нұрлан Смағұловтың пікірінше, технологиялық серіктестер мен инвестиция қажет.

«Біз қазір өндірістің ең шекті деңгейіне келдік. Hyundai және қытайлық автокөліктерді жылына 130 мың данасын шығардық. Бұл енді салмақты инвесторлар тартуға болатын деңгей. Егер локализация 51%-ға дейін жетсе, технологиялық серіктестер табылып, біз Research Development орталық ашатын болсақ, өз брендімізді шығарып қалуымыз мүмкін. Мұндай орталықтарда автомобильдің 3D моделін жасап, көлік  шығаруға болады. Біз қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Әзірге айтуға әлі ерте. Біз басқа елдер сияқты аты өзгерген қытайлық марка емес, өз ерекшелігі бар көлік брендін шығаруды көздейміз», — деп айтты Смағұлов.


Сонымен қатар, Astana Group экспортқа бағытталған мультибренд зауытын келесі жылы көктемде іске қосады. Astana Motors Manufacturing Kazakhstan шығаратын автокөліктердің жартысынан көбі ЕАЭС аумағына экспортталады. Оның ішінде ең бірінші нарық Ресей Федерациясы болмақ.

«Ресей — ең ауқымды нарық, себебі онда Қытай көліктеріне сұраныс жоғары. Қытайлық көліктерді Қазақстан территориясында өндіріп, сатуға болады. Бұл ешбір санкцияға қарсы емес. Көлік бағасы 5 мың долларға дейін болса және халықтың қолдану үшін шығарылса, еш проблема жоқ», — деп түйіндеді Смағұлов.

Мультибренд зауыт Сhery Tiggo 2, Haval Jolion, Tank 300, Changan секілді модельдерді құрастырумен айналысады. Жылдық қуаты 90 мың көлік өндіреді, жылына 50 мың көлік экспортқа шығарылады. Автомобильдерді сатумен қытайлық дистрибьюторлар айналысады.

Сондай-ақ, Astana Group құрастыратын және дистребьюторлық ететін барлық көлік маркасын MyCar қосымшасы арқылы сатып алуға болады. Бүгінде айына 200 көлік онлайн режимде сатылады. Автомобильді рәсімдеу нәбәрі бес қадамнан тұрады және жеткізіп беру қызметін қолдануға болады.