Төтенше жағдай мен карантин кезінде интернетте сатып алу әдеттегі жағдайға айналды. Онлайн режимінде азаматтар барлығына дерлік тапсырыс береді: мейрамхана тағамдары, азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, тұрмыстық техника және т.б. Бірақ құны төмен әрі сапалы тауар аламын деп коронавирус пандемиясы кезінде белсене іс-әрекет жасауға көшкен алаяқтардың тұзағына оңай түсіп қалуға болады. Дүниежүзілік желі кеңістігінде қандай қаржылық қақпан кездесуі мүмкін екені туралы Fingramota.kz баяндайды.
- «Қаптағы мысық». Біріншіден, таныс емес интернет-дүкендерде немесе әртүрлі виртуалды сауда алаңдарында күмәнді сатушылардан алынған тауар сапасыз болып шығуы мүмкін. Жарты бағасына сапалы тауар күтіп отырған сатып алушы қытай кәсіпшілерінің қолынан шыққан тауарды көргенде ренжитіні анық. Немесе мүлдем басқа тауарды не сатушылардың айтуынша, айырбастауға және қайтаруға жатпайтын немесе басқа сипаттағы тауарды салып жіберуі ғажап емес.
- «Алдап соғу». Интернет-дүкенде тауарды таңдап алып, ақшасын толық төлеп, тауар да жоқ, ақша да жоқ болып қалатын жағдайлар да кездеседі. Ақша төленді, тауар жоқ. Мұндай да болады. Сатушылар мұндайда сатып алушыларды әр түрлі акциялармен, төмен бағамен қызықтырады, бұл ретте Интернет-дүкен сайтында заңды мекенжайы, иелері туралы деректер және тұтынушылар үшін маңызды басқа да ақпараттар болмайды.
- «Ұрлықшы сайт». Тауардың құнын да төлеуге, оны алуға да болады, сондай-ақ оның сапасына да наразылық жоқ. Алайда... кейінірек карточка иесі ақшасының өзінен-өзі жоғала бастағанын, өзінің карточкалық шотында күдікті жайлар бола бастағанын байқайды. Бұл не болуы мүмкін? Сатып алушы өз карточкасының деректерін енгізе отырып тауарға ақы төлеу кезінде, оны «ұрлықшы сайт» арқылы жасаған. Нәтижесінде, еш нәрседен күмәнданбаған сатып алушының жеке банктік деректері қаржылық алаяқтардың қолына түсіп, олар адал сатып алушының карточкалық шотына оп-оңай қол жеткізген.
Мұнымен қоса «алдамшы маркетинг» деген де бар. Мұндайда әлеуметтік желілердегі немесе промосайттар деп аталатын бір беттік сайттардағы айтарлықтай агрессивті жарнамада тауарларды үлкен жеңілдікпен сатып алу ұсынылады, бірақ сатып алуға уақыт аз беріледі. Мысалы, 50 000 теңге тұратын ас үйге арналған ғажап аспапты сатып алу ұсынылады, бірақ жеңілдікпен (осы «ғажайып» акцияның 50 минуттан кейін аяқталатыны туралы хабарлайтын таймермен бірге) бар болғаны 23 999 теңгеге ғана. Шын мәнінде бұл тауардың құны үш есе төмен. Мұны айқын алаяқтық деп атауға болмайды, бірақ бірнеше есе артық төлемеу және алдамшы сатушының құрбаны болмау үшін ол туралы білу керек.
Электрондық коммерциядағы алаяқтық туралы айтқанда, заңсыз табыс табу мақсатында жиі заңға қарсы әрекеттер жасалатын онлайн-платформаларды жіктеп алу қажет. Бұл мынадай платформалар:
- Бағасы өте төмен, «бір күндік сайттар» деп аталатын бір беттік сайттар.
- Фишингтік схемалардың, сондай-ақ сатып алушыларды тікелей алдаудың тағы бір танымал түрі – бұл клон-сайттар. AliExpress, Wildberries, Amazone немесе ірі желі сатушыларының көшірмелері де – жиі кездесетін құбылыс. Аңқау сатып алушы сайттың сыртқы түрінің айнымайтын ұқсастығына сеніп алданып қалуы және зат сатып алуы мүмкін. Көбінесе мұндай сайттардың әлеуетті «құрбандары» олардың тұзағына тексерілмеген сілтемелер арқылы түсіп қалады.
- Әлеуметтік желілердегі, форумдарда, топтар мен қоғамдастықтардағы парақшалар – бұл виртуалды ұрылардың пайда табу көзіне айналған платформалардың бір түрі. Көп жағдайда, ешнәрседен хабары жоқ адамға тауар жайлы алдын ала дайындалған жалған пікірлер келтіріп, алдап соғады.
- Статистика көрсеткендей, алаяқтар жеке хабарландырулар сайттарында жиі кездеседі. Бұл ретте, олар өздерін сатушылар емес, сатып алушылар түрінде көрсетулері әбден ықтимал. Мәселен, сайттардың біріндегі хабарландыру бойынша жалған сатып алушы сатушының карточкасына машина үшін алдын ала төлем жасау ниетімен телефон соққан жағдайлар кездеседі, яғни машина оған қатты ұнағаны және оны сатып алатынын айтып, қолы босағанда дереу келуге уәде береді. Одан кейін сенгіш сатушыға телефон соғып, ақша аудару үшін карточканың нөмірін, артқы жағындағы кодты және аударымды растау үшін SMS-кодты айтуын сұрайды. Жалған сатып алушы, әрине, «құрбанның» карточкасындағы ақшамен бірге ізін суытып үлгерген.
Осы мысалдан киберқауіпсіздіктің негізгі қағидасын есте сақтаңыз: «Өз картаңыздың деректерін, CVV/CVC-кодты және SMS-кодты ешкімге айтпаңыз».
Fingramota.kz интернет серфинг және онлайн-шоппинг кезінде мынадай қарапайым ұсынымдарға құлақ асқан жөн:
- Мекенжай жолындағы сайттың атауына мұқият назар аударыңыз. Сайттың домені https:/,-ден басталуы тиіс, ал қорғалмаған сайт https:/.-ден басталады. Әрине, бұл сайттың түпнұсқалығына кепіл бермейді, алайда ол транзакцияның деректерін ұстап алу мүмкіндігін азайтады. Сондай-ақ, домендік атаудың дұрыстылығын, сайттың ресімделуі дұрыстылығын, барлық бөлімдерінің жұмыс істеп тұруын тексерген жөн. Мәтінде кездесетін анық грамматикалық қателер мен сапасы төмен фотосуреттер сатып алушыда күдік туғызуы тиіс.
- Төмен бағамен сатылады деген үндеулерге сенбеңіз. Түпнұсқа нарықтық бағадан 3-5 есе арзан болуы мүмкін емес.
- Алдын ала төлем жасамаңыз. Оның салдары не жағдайларға әкеліп соғатыны белгісіз.
- Төлем түріне назар аударыңыз. Төлемді жүзеге асыруға мүмкін болатын кем дегенде төрт немесе одан көп төлем жүйелері болуы тиіс.
- Лицензияланған БҚ пайдаланыңыз, вирусқа қарсы қорғанысты жаңартып отырыңыз.
- Тауарда ақаулар анықталған немесе ол сипаттамасына сәйкес келмеген жағдайда тауарды кері қайтару қағидаларымен мұқият танысыңыз.