Қоғамда, тіпті Үкімет ішінде де базалық мөлшерлемені төмендету қажет деген пікірлер айтылады. Егер базалық мөлшерлемені түсірсе, кей сарапшылардың пікірінше, бизнес арзан несиеге қол жеткізбек. Осы орайда, Ұлттық банктің қазіргі ақша-несие саясатына баға беріп көрейік.
Базалық мөлшерлеме түссе банктер несие пайызын төмендете ме?
Екінші деңгейлі банктерің халық пен бизнеске беретін несиесінің пайызы толығымен теңгенің мөлшерлемесіне келіп тірелмейді. 2014 жылғы мұнай дағдарысынан кейін Қазақстан экономикасы 2017 жылдан бастап қана қалпына келе бастады. Тиісінше 2017 жылдан 2018 жылға дейін базалық мөлшерлеме 13 пайыздан 9,5 пайызға дейін төмендеді. Алайда, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті екен деп несиенің пайызын түсірген екінші деңгейлі банктер байқалмады. Керісінше осы уақытта несиенің пайызы 20%-дан 22%-ға дейін өсіп кетті.
Яғни, банктердің бөлшек несиесінің пайызына басқа да факторлар ықпал етеді. Мәселен, биылғы қаңтар-сәуір аралығында экономика 4,4 пайызға өскен. Бұл күткендегіден жоғары. Экономикалық өсім кезінде тұтыну көбейіп, бұл өз кезегінде өндірісті арттырып, тиісінше банктердің несиесіне сұранысты күшейтеді. Банктердің қаражатына сұраныс артқан сайын оның пайызы да өзгеретіні анық. Сондықтан, банктердің несиесін арзандату үшін базалық мөлшерлемені ғана түсіру жеткіліксіз.
Ұлттық банктің басты міндеті - инфляцияны бәсеңдету
Осы уақыт аралығында инфляция 8 пайыздан 6,5 пайызға төмендеді. Ал қазір инфляция деңгейі маусым айындағы дерек бойнша 14% шамасында. Ай сайын кей тауар түрлері, әсіресе азық-түлік жоғары қарқынмен қымбаттап жатыр. Оған басты себептердің бірі шетелден импортты тасымалдауда геосаяси ахуалға байланысты туындаған қиындықтарды атауға болады. Нәтижесінде кей тауар түрлері бойынша тапшылық туындап, инфляцияны одан сайын үдетті. Егер осы қарқын сақталатын болса, жыл соңына дейін көрсеткіш қазіргіден де көтеріліп кету қаупі бар. Инфляция осыншалықты жоғары болғанда базалық мөлшерлемені төмендету орынсыз болатыны түсінікті.
2021 жылдың сәуірі мен биылғы сәуір аралығындағы инфляция 13,2%-ды құрады. Ал былтырғы мамырдан биылғы мамырға дейінгі қымбатшылық 14% болды. Дегенмен, биылғы сәуірдегі бір айлық инфляция 2 пайыз болса, мамырда көрсеткіш 1,4% болды. Яғни, инфляция әлі жоғары, дегенмен, қарқыны бәсеңдеп келеді деген сөз. Базалық мөлшерлемені жоғары ұстап отырғанның да осыған әсері болуы әбден мүмкін.
Сыртқы факторлар соққы болып тиіп жатыр
Ұлттық банктің мәліметінше, биыл әлем экономикасы болжамдағыдан баяу өспек. Халықаралық валюта қорының хабарынша, 2022-2023 жылдары әлемдік экономика 3,6%-ға ұлғаяды. Мұның алдында ХВҚ көрсеткіш 2022 жылы 4,4%, 2023 жылы 3,8% болады деп болжаған еді. Ал Ресейде тіпті биыл 9%, 2023 жылы 1,4% құлдырамақ. Қытайдың да экономикасы бәсеңдеп, 2022 жылы 4,7%, 2023 жылы 5,1% ғана өспек. Еуропа Одағының экономикасы биыл мен келесі жылы тиісінше 2,8% және 2,3%, яғни өте баяу өседі деген болжам бар.
Сауда әріптес елдердегі инфляция да мәз емес. 2022 жылы мамырда еуроаймақтағы жылдық инфляция 8,1% болды. Жылдың екінші тоқсанында көрсеткіш бұдан да жоғары болмақ. Ең көп сауда жасайтын елдердің бірі Ресейде қымбатшылық тіпті 17,8%-ға жеткен. Қытайда 2,1% болғанымен, алдағы уақытта өседі деп болжануда.
Бұның бәрі біздің елдегі инфляцияны одан сайын үдететіні белгілі. Осы орайда Ұлттық банк алдағы тәуекелдердің алдын алу үшін базалық мөлшерлемені төмендетпеуі тиіс.
Көршілес елдердегі жағдай қандай?
Теңгенің базалық мөлшерлемесі көршілес елдердегімен салыстырғанда жоғары емес. Мәселен, Грузиядағы базалық мөлшерлеме қазіргі таңда 20%-дан асады. Тіпті сәуір айында табысы төмен азаматтар үшін 25%-дық шекті көрсеткішті енгізді.
Қырғызстандағы мөлшерлеме де төмен емес. Ондағы ипотекалық пайыз мөлшерлемесі 20%-дан асады. Оған Қазақстандағыдай зейнетақы жинағының бір бөлігін ипотекаға пайдалануға рұқсат етілуі себеп болған. Ипотека ғана емес, ТМД бойынша бизнеске берілетін несиенің де ең жоғары көрсеткіші де осы елде.
Өзбекстанда базалық мөлшерлеме 16% болғанымен, несиенің орташа пайызы 21%-ға жетер-жетпес.
Тәжікстанда базалық мөлшерлеме біздегімен шамалас болғанына қарамастан несие мөлшерлемесі 21%-ға жетіп жығылады.
Арменияда ғана базалық мөлшерлеме 9,25%, алайда ондағы инфляция да біздегіден анағұрлым төмен.