Парламент Сенатының отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Құжатқа енгізілетін жаңа нормаларға сәйкес, Үкіметтің бірқатар өкілеттіктерін Министрліктерге беру көзделген. Ал, Министрліктердің кейбір өкілеттіктері жергілікті атқарушы органдарға беріледі.

«Заң жобасын әзірлеу алдыңғы әкімшілік реформалардың қисынды жалғасы. Орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік функцияларды талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. 46 заңнамалық актіге, оның ішінде 2 кодекс пен 44 заңға түзетулер қарастырылды», - деді Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Министр Үкіметтен министрліктерге 63 функцияны, 5-еуін жергілікті атқарушы органдарға беру жолымен 68 функцияның қайта бөлінетінін атап өтті. Бұл ретте 4 мемлекеттік органға қосымша өкілеттіктер беріледі.

Министр мынадай мысал келтірді. Экология министрлігіне әкімшілік хаттама жасау, ІІМ-ге тергеу изоляторындағы адамдарды есепке алу, ЦДИАӨМ-ге аэротүсірілім жұмысын жүргізуге рұқсат беру құқығы және т. б. берілген.

Нақты айтқанда, Білім және ғылым министрлігіне қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттеріне және олардың мөлшеріне кепілдік беру қағидаларын бекіту қызметі жүктеледі. Сыртқы істер министрлігі халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету ісіне мониторинг жүргізуге жауапты болады. Ал, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне аэротүсірілім жұмыстарын жүргізуге рұқсаттарды тіркеу, есепке алу және беру жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту ұсынылып отыр. Сондай-ақ заң жобасында министрліктердің мойнындағы қызметтердің бір бөлігін әкімдіктерге беруге қатысты жаңашылдықтар жазылған.

«Осы Заң жобасы арқылы Қазақстан Республикасының 46 заңнамалық актісіне, оның ішінде Бюджеттік және Қылмыстық атқару кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Одан бөлек, Білім және ғылым, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің кейбір функцияларын жергілікті атқарушы органдарға беру қарастырылған. Кейбір мәселелерде Экология, геология және табиғи ресурстар, Қорғаныс, Ішкі істер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің өкілеттіктерін күшейту үшін оларға да бірқатар қосымша қызметтер беріледі», – деді сенатор Ләззат Рысбекова.

«Жобаны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығынын талап етпейді және кері әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкелмейді. Заң жобасы басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін нақты ажырату бойынша жүргізіліп жатқан саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған», - деді Ә.Ерғалиев.

Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді нақты бөлуге арналған бұл заң жобасы тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып саналады. Сенаторлар жан-жақты талқылағаннан кейін құжатты бірінші оқылымда мақұлдап, Палатаның әрі қарай қарауына жіберді.