Автор: Саида Сержанқызы
Нарықта жеке кәсіп өкілдері үкімет тапсырысы бойынша түрлі жобаларды іске асырып жатқанын көреміз. Біреуі тендер арқылы маңызды іс-шараны ұйымдастырса, енді біреуі әлеуметтік маңызы бар ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Бүгінгі мақалада осы жобалар жайлы не білеміз, үкіметтің тапсырысын орындау жеке бизнесте қандай рөл атқаратынын қарастыратын боламыз. Алдымен, мемлекеттік органдармен жұмыс жасаудың қандай түрлері барына тоқталайық.
Біріншісі – мемлекеттік жекешелік әріптестік (МЖӘ). Бұл инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырудағы мемлекет пен жеке бизнес арасындағы ынтымақтастық.
Екіншісі – мемлекеттік сатып алу. Үкімет мемлекеттік қажеттіліктерді қанағаттандыруы үшін жеке компаниялардан тауарлар мен қызметтерді сатып алуының дәстүрлі тәсілі.
Соңғысы – аукциондар мен тендерлердің нәтижесі бойынша жасалатын келісім-шарттар. Яғни мемлекет жеке компаниялар қатысатын белгілі бір жобаларды орындауға конкурстар өткізе алады.
Әрі қарай МЖӘ туралы егжей тегжейлі сөз қозғасақ. Қарапайым қара сөзбен айтқанда Қазақстандағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік — бұл мемлекет (яғни, үкімет немесе жергілікті билік) пен жеке компаниялардың (бизнес) ірі жобаларды жүзеге асыру үшін бірге жұмыс істеу тәсілі. Мысалы, бұл мектептер, ауруханалар, жолдар немесе басқа да маңызды нысандарды салу болуы мүмкін.
Мемлекет ақша немесе ресурстар бөлсе, ал бизнес өз қаражатын, тәжірибесін және технологияларын қосу арқылы қоғам үшін пайдалы нәрселерді бірге жүзеге асырады. Мұндай әріптестіктің басты ерекшелігі — мемлекет бәрін өзі істемейді, жеке бизнес өкілдерін тартып, жобаны тезірек, сапалырақ немесе арзан жасауға мүмкіндік беруінде.
Сонымен қатар бизнес бұл жағдайда пайда таба алады, мәселен, салынған нысаннан түсетін кіріс (ақылы жолдар немесе жалға берілетін орындар) немесе мемлекеттен басқа да жеңілдіктер алуы мүмкін.
Қазақстанда мемлекеттік жекешелік әріптестік (МЖӘ) мемлекеттік сатып алуларға тиімді балама ретінде танымал болып келе жатыр. Оның негізгі себебі екі тарапқа да, яғни мемлекет пен бизнеске үлкен икемділік пен ұзақ мерзімді пайда әкелуінде. Нақтырақ айтар болсақ:
1. Тәуекелдерді бөлу. МЖӘ шеңберінде тәуекелдер мемлекет пен жеке әріптес арасында бөлінеді. Бұл бюджет жүктемесін азайтады және жеке бизнестің өз міндеттемелерін сапалы орындауға деген ынтасын арттырады. Мемлекеттік сатып алу жағдайында жоба үшін барлық жауапкершілік көбінесе мемлекетке жүктеледі, бұл сәтсіздікке ұшыраған жағдайда бюджет шығындарының ықтималдығын арттырады.
2. Ұзақ мерзімді инвестициялар және жобалардың тұрақтылығы. МЖӘ жобалары әдетте ұзақ мерзімге (5 жылдан 30 жылға дейін немесе одан да көп) бағытталған, бұл жеке инвесторлар үшін тұрақты және сенімді жағдайларды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік сатып алуларда келісімшарттар әдетте қысқа мерзімді болады, ал компаниялар атқарылған жұмыстарының ұзақ мерзімді бақылауына (яғни ілеспе жұмысқа) сирек инвестиция салады.
3. Инновация және қызмет сапасын арттыру. МЖӘ шеңберіндегі жеке бизнес мемлекеттік құрылымдарға қарағанда анағұрлым заманауи технологиялар мен басқару шешімдерін қолдана алады. Бұл халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік сатып алуларда инновациялық тәсілдер көбінесе стандартты Мемлекеттік рәсімдер шеңберімен шектеледі.
4. Басқару тиімділігі және шығындарды азайту. Жеке компаниялар процестерді оңтайландыруға және шығындарды азайтуға мүдделі, бұл МЖӘ жобаларын үнемді етеді. Мемлекеттік сатып алу аясында күрделі бюрократияға байланысты қаражатты мақсатсыз пайдалану және тиімділіктің төмендігі қаупі бар.
5. Жеке инвестицияларды тарту. МЖӘ жобаларға елеулі жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді, бұл мемлекеттік бюджетке жүктемені азайтады. Мемлекеттік сатып алуларда барлық қаржыландыру бюджеттен алынады, бұл жобалардың ауқымы мен санын шектейді. Жекешелік әріптестер бюджетке инвестиция салумен ғана шектелмей, жобаның өзіндік құнын төмендетуге де ықпал етеді.
6. Ашықтық пен бақылау. Қазіргі заманғы МЖӘ жобалары МЖӘ веб-порталы сияқты цифрлық платформаны пайдалану арқылы ашықтықты арттыруды көздейді. Бұл сыбайлас жемқорлық ықтималдығын азайтады және жобаларға деген сенімділікті арттырады. Мемлекеттік сатып алуларда бақылау көбінесе ресми болады және әрдайым ашық бола бермейді.
МЖӘ мемлекет пен жеке бизнес үшін қандай артықшылықтарға ие және МЖӘ-ні сәтті пайдалану мысалдарын білу мақсатында МЖӘ саласындағы халықаралық сертификатталған (CP3P®) маман Диана Есембековаға хабарластық.
Сарапшының айтуынша, мемлекет үшін МЖӘ артықшылығы, «Біріншіден, бюджеттің айтарлықтай шығынынсыз инфрақұрылымды дамытуға бертін мүмкінгі. Екіншіден, қызмет көрсету сапасын арттыру және жобаларды іске асыруды жеделдетуі. Үшіншіден, жеке тәжірибе мен технологияға қол жеткізуі. Сондай-ақ, жекешелік әріптестік жобалары халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Коммерциялық мүдделермен қатар әлеуметтік жауапкершілікті де назарға алу бизнестің қоғамдағы рөлін одан әрі күшейтеді. Мұның нәтижесінде азаматтарға қызмет көрсету сапасы артады.
Ал жеке бизнеске тоқталсақ, оларға мұндай келісім:
- ұзақ мерзімді және тұрақты келісімшарттар;
- сенімді серіктес болып табылатын мемлекетпен жұмыс істеу мүмкіндігі;
- мемлекеттік кепілдіктер алу және тәуекелдерді азайту мүмкіндігі секілді артықшылықтарды береді», — дейді сарапшы.
Жеке инвесторлар мен компаниялар дәстүрлі түрде мемлекет жүзеге асыратын ірі жобаларға қол жеткізе алады, бұл айтарлықтай пайда мен тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
МЖӘ-ні сәтті пайдалану мысалына еліміздегі ең танымал жобалардың бірі «Сергекті» алып талдасақ. Сергек көпшілікке жол қозғалысын бақылайтын интеллектуалды жүйе ретінде таныс. Негізінде «Сергек» жүйесі «Көркем Телеком» ЖШС-нің МЖӘ арқылы іске асырған жобасы. МЖӘ сәйкес ресми атауы – «Астана қаласында фото-бейне жазу және талдау үшін аппараттық-бағдарламалық кешен құру және пайдалану». 2017 жылы қол қойылған құжаттарға сәйкес “Көркем Телеком” IT-компаниялар тобы, Open Technologies Group және The One Capital – және қала билігі арасындағы келісім 6 жыл 7 айға, яғни 2024 жылға дейін есептелген.
Ашық ақпарат көздерінде 2017 жылдың жазында қалалық әкімдік пен инвесторлар жеке компаниялар тарапынан инвестициялар сомасы 8,4 млрд теңгені құрайтынын мәлімдеді делінген.
Астана мен Алматыдағы «Сергек» жобалары Қазақстандағы цифрландыру саласындағы МЖӘ-нің сәтті және алғашқы үлгілерінің бірі болды. Бейнебақылау және фотовидеофиксация саласында аппараттық-бағдарламалық кешендерді орнатумен байланысты бұл жоба жеке инвестицияларды тарта отырып іске асырылды. Биылға дейін Астана қаласындағы «Сергек» жобасы қала бюджетін 52 млрд теңгеге толықтырған.
«Көркем Телеком» ЖШС жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, Қазақстанда ақылды қалалар құру және жол қозғалысы қауіпсіздігін басқару шешімдері саласындағы отандық компания. Қазіргі уақытта Sergek Қазақстанның 11 ірі қаласында және шетелде Өзбекстанда, Моңғолияда, Филиппинде, Малайзияда сатылуда.
Жоба іске қосылғалы 7 жылға жуық уақыт өтті, нәтижесіне үңіліп көрсек.
- Жолдардағы жол-көлік оқиғалары санының айтарлықтай төмендеуі;
- Жолдардағы өлім-жітім мен жарақаттанудың 50%төмендеуі;
- Қала көшелерінде, қоғамдық орындарда, аулалар мен қаланың кримогендік аудандарында қылмыстың 40%төмендеуі;
- Қалалық трафикті басқаруды жақсарту. Аталған жетістіктер МЖӘ сәтті пайдаланудың көрінісі деуге болады.
Қоғамдық маңызы бар тағы бір МЖӘ мысалы – денсаулық сақтау саласындағы Орал қаласында орналасқан ШЖҚ «Облыстық онкологиялық диспансері». Келісім шарт мерзімі 2021-2032 жылдар аралығын қамтиды. Облыстық онкологиялық диспансер облыс халқына онкологиялық көмек көрсетеді.
Жоба нәтижесіне тоқталар болсақ, 12 орталық аудандық ауруханаға, 5 қалалық емханаға ұйымдастырушылық-әдістемелік қолдау жасайтын ірі жетекші ұйымға айналды. Сонымен қатар, БҚО-да онкологиялық диспансер Ұлттық скринингтік бағдарламаларды жүргізудің үйлестірушісі. Бүгінгі күні онкологиялық диспансерде хирургиялық, радиологиялық, жалпы онкология бөлімшесі, сәулелік диагностика бөлімшесі: КТ, УДЗ, рентген-аппараттар, маммографиялық аппарат; эндоскопиялық кабинет, патоморфологиялық, цитологиялық, клиникалық-диагностикалық зертхана және емхана бөлімшелері жұмыс істейді.
МЖӘ мемлекеттік сектор мен жекешелік сектордың арасында нарықтық механизмдерді енгізуге, бәсекелестікті арттыруға және мемлекеттік қызметтерді көрсету стандарттарын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сарапшы Диана Есембековадан МЖӘ заңнамалық базасы жайлы сұрадық.
– Қолданыстағы заңнама жетілдіруді немесе заманауи жағдайларға бейімделуді талап ете ме?
– Қазақстанда МЖӘ заңнамалық базасы жеткілікті дамыған, бірақ кейбір жағдайларда заманауи талаптарға, әсіресе жаңа технологиялар мен цифрлық жобаларды реттеу тараптарында бейімдеу талап етіледі. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибені ескеріп, мұны процедуралардың тиімділігін арттыру үшін қолдану қажет.
– Қазақстанда МЖӘ тәжірибесін жақсарту бойынша қандай ұсыныстар бере аласыз?
– Біріншіден, рәсімдерді оңайлату: МЖӘ жобаларын дайындау және бекіту процесін жеңілдету қажет, бұл уақыт шығындарын азайтады және жеке инвесторларды көбірек тартатын болады. Екіншіден, ашықтықты арттыру: мониторингке арналған цифрлық платформалар арқылы жобаларды іске асыруды бақылауды күшейту. Үшіншіден, МЖӘ бойынша жаңа бағыттарды дамыту: жеке бизнесті туризм және цифрландыру саласындағы жобаларға тарту. Осылайша, Қазақстан мемлекет пен жеке бизнестің ынтымақтастығы үдерісін одан әрі тиімді ету үшін МЖӘ заңнамалық базасын дамытуды және жаңа сын-қатерлерге бейімделуді жалғастыруы қажет.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік моделі мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді және сенімді серіктестікті қалыптастыра отырып, экономикалық дамуды ынталандырады. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі зор, онымен бірге бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер мен нарықтық ресурстарды ашуға мүмкіндік туғызады. Сондықтан мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту Қазақстан экономикасының заманауи трендтеріне сәйкес келеді. Бұл бизнес үшін тиімді жұмыс шарттарын қалыптастырып қана қоймай, мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Қосымша ақпарат
МЖӘ модельдерінің түрлері
МЖӘ-нің бірнеше түрі бар, сәйкесінше әрқайсысының өз ерекшеліктері мен артықшылықтары бар. Негізгі модельдер:
- Концессия. Бұл модельде мемлекет жекешелік серіктеске инфрақұрылым объектісін (мысалы, автожол, аурухана) сауықтыру, пайдалану немесе басқару құқығын береді. Жекешелік серіктес объектіні іске асыру үшін инвестиция салады және түскен пайдаға ие болады.
- Жартылай қаржыландыру. Мұнда жекешелік тарап инвестициялардың белгілі бір бөлігін қамтамасыз етеді, ал мемлекет өз тарапынан қолдау көрсетеді. Бұл модель, әдетте, әлеуметтік объектілердің құрылысы мен басқаруы кезінде қолданылады.
- Бизнес-жобаларды орындау. Жекешелік серіктес мемлекеттік қызметтерді көрсету мен басқаруды жүзеге асырады. Мысалы, медициналық қызметтерді жекешелік операторлар арқылы көрсету.
- Қызмет көрсету бойынша келісімшарттар. Бұл модельде екінші тарап (жекешелік сектор) мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша келісімшарттарға қатыса алады. Мысалы, коммуналдық қызметтерді көрсету.