ҚР АШМ Жер комитетінің төрағасы–ҚР Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару жұмыстарының 2024 жылғы нәтижелерін таныстырды.
2024 жылдың басынан бастап ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті жалпы алакы 2,8 млн гектарды қамтитын аумақта 1748-ден астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша 2,2 млн гектар аумақта жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 1342 нұсқама берілді.
Бұған дейін берілген нұсқамалардың негізінде 311,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін игеру басталды. Сонымен қатар, 200,4 мың гектар пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне мәжбүрлеп алып қою бойынша сот талқылаулары жүргізілуде.
ЖАО-ның қабылдаған шешімдерінің заңдылығына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру шеңберінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру туралы 368,5 мың гектар аумаққа қатысты 875 заңсыз шешім анықталды, оның 84 күші жойылды. Негізгі бұзушылықтар конкурстық рәсімдерді айналып өту және ортақ пайдаланымдағы жайылымдарды заңсыз бөлуге байланысты.
Жыл басынан бері атқарылған жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік меншікке 2 млн гектардан астам жер қайтарылып, 2024 жылға жоспар мерзімінен бұрын орындалды.