Мәслихаттардың өкілеттігі кеңейді: Тоқаев жаңа заңға қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңға қол қойды.

Жаңа заңға сәйкес, мәслихаттардың өкілеттігі кеңейтіліп, жергілікті басқару жүйесіндегі рөлі күшейтіледі. Атап айтқанда, енді мәслихаттар:

  • әкімдердің халықпен кездесулерінде көтерілген мәселелерді шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарларының орындалу нәтижелерін қадағалайды;

  • бюджеттік комиссиялардың жұмысына қатысады;

  • елді мекендерді санитарлық тазалау қағидаларын бекітеді;

  • тексеру комиссияларының төрағалары мен мүшелеріне тәртіптік жаза қолдана алады.

Сонымен қатар, мәслихат төрағасы мен мәслихат аппараты басшысының өкілеттіктері нақты ажыратылды. Депутаттық сауалдарға жауап беру мерзімі 30 күннен 15 күнге қысқартылды. Бұдан бөлек, жергілікті қоғамдастық жиналыстарының құзыреті кеңейтілді.

Заңда мәслихат төрағаларына қатысты жаңа шектеу де енгізілді. Бір адам облыс, республикалық маңызы бар қала, астана немесе аудан мәслихатының төрағасы қызметіне қатарынан екі мерзімнен артық сайлана алмайды.

Құжатта инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін беру тетіктері жетілдіріліп, қоғамдық талқылауларды өткізу тәртібі нақтыланған. Сондай-ақ сәулет және құрылыс салаларындағы процестерді цифрландыру жалғасады.

Бұдан бөлек, жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктері де нақтыланды.

Заң 2026 жылғы 14 шілдеде қабылданды және 2026 жылғы 26 шілдеден бастап күшіне енеді.