Солтүстік Қазақстан облысында малды жалған егу фактілері анықталды. Сондай-ақ облыста мал сою пункттері жеткіліксіз, сібір жарасы көмілген жерлер мен мал қорымдарының жағдайы қатты алаңдатады. Бұл жайттардың барлығы ветеринарлық жағдайға әсер етеді, деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Прокуратурада өткен алқа мәжілісінде 2023 жылға және 2024 жылдың 9 айына ветеринария саласындағы заңнаманың сақталуы қаралды. Ірі қара малдың бруцеллезбен ауыруы – 272-ден 613 басқа дейін және ауыл шаруашылығы жануарларының өлімі – 11 519-дан 13 395 басқа дейін айтарлықтай өсті.

Облыс прокуроры уәкілетті мемлекеттік органдардан жылдан-жылға орын алған заң бұзушылықтарды жоюды, сібір жарасы қорымдары мен мал қорымдарын тәртіпке келтіруді, жаңа мал сою алаңдарын салуға қатысты мәселелерді шешуді талап етті.

Облыс әкімдігіне өңірдегі эпизоотиялық жағдайды жақсартудың ұзақ мерзімді өңірлік бағдарламасын әзірлеу ұсынылды. Ветеринариялық қауіпсіздік мәселесі ерекше бақылауда.