Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың Ресей Федерациясына ресми сапармен келді. Сапар аясында 4-5 наурыз күндері Мәскеу және Қазан қалаларына баруы жоспарланған, деп хабарлайды Мәжілістің ресми сайты.

Мәскеуде Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володинмен және Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен екіжақты кездесулер өтеді.

Қазанда Мәжіліс төрағасы Татарстан Республикасының басшысы Рустам Миннихановпен және Татарстан Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мухаметшинмен кездеседі. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жоспарлар, сондай-ақ өңіраралық экономикалық ынтымақтастық пен өзара мәдени-білім беру мәселелерін талқылайды.

Сонымен қатар, Наурыз айында Қазақстан Республикасының Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарлары жоспарланған. Бұл туралы Үкіметтің ресми сайты хабарлады.

Мәскеуде Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен шағын және кеңейтілген форматта келіссөздер өтеді. Тараптар екі елдің мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру барысын, сондай-ақ өзара тиімді сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту шараларын талқылайды.

Ташкентте Олжас Бектенов Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен келіссөз жүргізіп, сауда-инвестициялық ынтымақтастықты арттыру, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларында кооперацияны дамыту перспективаларын талқыламақ.