Сауда, логистика, қызмет көрсету, құрылыс, креативті индустрия, шағын және орта бизнес саласындағы компаниялар B2B-ге ұсынылып отырған түзетулерге, яғни, өзара есеп айырысуға енгізілетін шектеулерге және оңайлатылған режимдегі жеке кәсіпкеплермен жұмыс істеуге тыйым салуға қарсы шықты.
Born Nomad инкубаторының директоры және Қазақстан Креативті индустриялар Альянсының төрайымы Айка Әлемі кино, музыка, дизайн, сәулет, жарнама, өнер және басқа да креативті салалардың іс жүзінде толығымен жеке кәсіпкерлерден және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардан тұратынын атап өтті. Олардың ІЖӨ-дегі үлесі 2-3%-ды құрайды, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 10%-ға жетеді.
«Бүгінде микро, шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі шамамен 40% екенін және Қазақстанда тіркелген 2 млн 300 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілерінің 2 млн 100 мыңы белсенді екенін білеміз. Бұл қазіргі дамыған және дамушы елдердегі көрсеткіштермен салыстыруға келеді. Бұл мүмкіндік салық салудың оңайлатылған режимі енгізілгенінің арқасында туды. Дәл осы режим микро, шағын және орта бизнеске есеп жүргізбеуге, бизнеске баса назар аударуға мүмкіндік берді. Өйткені кейде бір жеке кәсіпкерлікте бір адам, екі адам ғана жұмыс істейді, яғни осы салық есебін толық жүргізетін штат ұстау мүмкін емес», – деді спикер.
Айка Әлемі оңайлатылған салық салу режимі креативті индустрия дамуының негізіне айналғанын, мұндағы мамандардың көпшілігі — мобилографтар, дизайнерлер, кинематографистер, жарнамашылар — ЖК немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде жұмыс істейтінін атап өтті. Оның сөзінше, ұсынылып отырған шектеулер оларды іс жүзінде бизнес жүргізу мүмкіндігінен айырады: бір бөлігі қызметін Қырғызстан мен Өзбекстанға ауыстырып жатыр, ал қалғандары ЖК-ны жауып, бейресми жұмыспен қамтуға көшуге дайындалуда.
Ол креативті мамандық иелері әлемнің кез келген нүктесінен жұмыс істей алатындықтан, кадрлардың кету қаупі әсіресе жоғары екенін баса айтты. Халықтың табысы төмен және несие жүктемесі жоғары жағдайда салық жүктемесінің өсуі кәсіпкерлердің кетуін тек жеделдетеді.
«Сондықтан жүздеген мың кәсіпкер бұған қарсы, жарнама индустриясы да, дизайнерлер индустриясы да, кино қызметкерлері де, театр қызметкерлері де, креативті индустрияда жұмыс істейтін 144 мың субъектінің ешқайсысы бұл шарамен келіспейді», – деді Айка Әлемі.
«Экстремальная Атлетика» компаниясының негізін қалаушы Тимур Артюхин ұсынылып отырған түзетулердің ивент-индустрия сияқты жобалық бизнеске тікелей соққы болатынын атап өтті. Оның айтуынша, ірі, орта және микробизнес тоғысында жұмыс істейтін компаниялар үшін біржолғы жобаларға мамандарды — жүргізушілерді, фотографтарды, дизайнерлерді, маркетологтарды — тарту өте маңызды. Жаңа жағдайларда мұндай ЖК-лармен жұмыс істеу мүмкін болмайды, бұл микробизнесті жеткізу тізбегінен автоматты түрде кесіп тастайды. Ол бұл монополияға әкелетінін баса айтты: ҚҚС-пен жұмыс істейтін ірі ойыншылар нарықта қалады, ал шағын жеке кәсіпкерлерге баратын жер қалмайды.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстандағы креативті, медиа және жарнама саласындағы 130-дан астам компания Мәжіліс пен Үкіметке жаңа Салық кодексінің 286-бабының 16-тармағын қайта қарау жөнінде ұжымдық үндеу жолдап, жаңа Салық кодексіне қарсы шыққан еді.
Сауда, логистика, қызмет көрсету, құрылыс, креативті индустрия, шағын және орта бизнес саласындағы компаниялар B2B-ге ұсынылып отырған түзетулерге қарсы шығып, ұсынылған түзетулер 2026 жылы-ақ жеке кәсіпкерлердің жаппай жабылуына, адамдардың бейресми жұмыспен қамтуға ауысуына және жұмыссыздықтың өсуіне әкелуі мүмкін екенін айтты.
Жалпы, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне және ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты жаңартылған арнаулы салық режимдері (АСР) енгізіледі. Бұл режимдер салық қана емес, сонымен қатар зейнетақы жарналарының міндетті түрлерін төлеуін де реттейді.
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесі бекітілді. Тізімде қандай қызмет түрлері жалпы салық режиміне көшуге міндетті екені нақты көрсетілген.
Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға 40 қызмет түрі бойынша арнайы салық режимін қолдануға рұқсат берілді. Тізімге такси қызметтері, тамақ жеткізу, желілік маркетинг арқылы бөлшек сауда жасау, ағаш ұсталығы, ағаш шеберлігі жұмыстары, компьютерлер мен тұрмыстық техниканы жөндеу, тұрғын үйді жалға беру, фотоқызметтер, ветеринария, тұрғын үйлерді тазалау, шаштараз және сұлулық салондарының қызметтері және басқа да қызмет түрлері кірді.