Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесі бекітілді. Тізімде қандай қызмет түрлері жалпыға бірдей салық салу тәртібіне көшуге міндетті екені нақты көрсетілген.

Осылайша, барлығы 44 негізгі санат пен 185 нақты қызмет түрі (ЭҚЖЖ бойынша) оңайлатылған салық режимінен шығарылды.

Тізімге жоғары табысты және мемлекеттің қатаң бақылауындағы қызмет түрлері енгізілді.

АСР қолдануға тыйым салынған негізгі бағыттар: Барлық қаржылық, сақтандыру және делдалдық қызметтер, оның ішінде ломбардтар, банктер, сақтандыру брокерлері мен агенттері; Акцизделетін өнімдерді (темекі, алкоголь) өндіру және көтерме саудасы, сондай-ақ бензин, дизель және мазут сату. (Сұйытылған газдың бөлшек саудасы тізімге кірмейді); Кеңес беру және маркетингтік қызметтер, бухгалтерлік есеп пен аудит, сондай-ақ адвокаттық және нотариалдық қызмет; Тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың құрылысы – жобалау мен құрылыс жұмыстары, сондай-ақ тұрғын үй қорын (көпқабатты және жеке үйлерді) сату немесе сатып алу; Барлық пайдалы қазбаларды өндіру (алтын іздеу қызметінен басқа), түсті және қара металл сынықтарымен айналысатын қызмет түрлері; 1, 2 және 3 санаттағы стационарлық сауда нысандарына және сауда нарығына жататын  объектілерді қайта жалға беру (субаренда) қызметі.

Сонымен қатар 4 және 5 санаттағы, ауданы 200 шаршы метрден аспайтын нысандар, яғни минимаркеттер мен үй жанындағы дүкендер – бұл тізімге кірген жоқ.