2026 жылғы 5 қыркүйектегі №1452 Президент Жарлығында Вице-Президенттің өкілеттігін бекітілді.
ҚР Вице-президенті:
1) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты саласындағы стратегиялық сипаттағы бастамаларды әзірлеуді қамтамасыз етеді және оларды Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік етеді;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша халықаралық іс-шараларға қатысады;
4) Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығын басқарады;
5) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді;
6) Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның; Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік символдар мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың геральдикасы жөніндегі республикалық комиссияның; Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның; Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін қамтамасыз етеді;
7) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Вице-президенттің мыналарға құқығы бар:
1) өкім шығаруға;
2) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге;
3) Қазақстан Республикасы Құрылтайының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Халық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға;
4) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және лауазымды адамдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және басқа да материалдарды сұратуға және алуға;
5) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті қойған өзге де міндеттерді шешу үшін Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.
Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзге де жағынан Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі қамтамасыз етеді.